Израиль парламенті жаңа үкіметті бекітті

Израильде парламент жаңа үкіметті бекітіп, елді 12 жыл басқарған Бинямин Нетаньяху лауазымынан кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа Премьер-министр болып «Ямина» партиясының жетекшісі Нафтали Бенет тағайындалды. Екі жылдан кейін қос партия арасындағы келісімге сай оны осы коалициялық үкіметке кіретін «Еш-Атид» партиясының көшбасшысы Яир Лапид алмастырады. Ал жаңа жасақталған үкіметке парламенттегі 120 депуттатың 60-ы қолдап дауыс берді. 59-ы қарсы шықты.

Еске сала кетейік, Изарильде парламенттік сайлау наурыздың 23-і күні өтті. Бастапқыда ел президенті үкіметті жасақтауды додада жеңіске жеткен «Ликуд» партиясының жетекшісі Биньямин Нетаньяхуға ұсынған еді. Бірақ ол берілген мерзім ішінде кабинетті құрылымдай алмай, мандат Яир Лапидке өткен.

Нафтали Бенет, Израиль премьер министрі:

- Жаңа үкіметті құру жолындағы қиындықтар артта қалды. Израиль халқы бізге үлкен үміт артып отыр. Біз ынтымақтастықта жұмыс істеп елдегі бөлінушілікті тоқтатуға бар күшімізді саламыз. Еліміз ұзақ уақытқа созылған саяси дағдарыстан тез шығуы үшін әрекет етеміз.

Ал, Иерусалимде Биньямин Нетаньяхудың биліктен кеткенін тойлау үшін жүздеген адам көшеге шықты. Шерушілер парламент алдына жиналып, жаңа үкіметке қолдауын білдірді.

Нурит Будински, шеруге қатысушы:

- Бүгін менің соңғы 20-25 жылдағы ең қуанышты сәттерімінің бірі. Біз бұл үкімет басшысынан мүлдем құтыла алмайтын шығармыз деп ойлап едік. Ол заң бұзушылықтарға барды. Ол халықты емес, өз мүддесін ойлайды. Сондықтан одан құтылғанымызға қуаныштымыз.