424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада бір тәулікте 22 мыңнан астам адам екпе алды 

  • 179
  • UPD: 09:43, 15.06.2021

Өткен демалыс күндері Украинада 50-ден астам вакциналау орталығы жұмыс істеді.

Жексенбі күні Украинаның 14 облысында халықты жаппай вакциналау орталығы қауырт жұмыс істеді. Бір ғана сенбіде  екпе алған адамдар саны 22 мыңнан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Елде вирустың бәсеңдеуі байқалады. Сондықтан Украина билігі бірқатар карантин талабын жеңілдеткен.

Екі ай бұрын ғана Украинада бір тәулікте 20 мыңдай адам коронавирус жұқтыратын. Ал бір күнде қайтыс болғандар саны 400-ге жуықтайтын еді. Жергілікті билік қатаң шаралар қабылдап, елде вакциналау қарқыны артқаннан кейін жағдай өзгерді. Соңғы тәулікте 420 украиналықтан вирус анықталса, 13 тұрғын қауіпті індеттен көз жұмған.

Виктор Ляшко, Украинаның Денсаулық сақтау министрі:

– Ковидтен сақтанудың ең тиімді тәсілі – екпе. Украинада күннен-кенге халықты жаппай вакциналау орталығының саны артып отыр. Алдағы уақытта елге екпе жеткізу жұмысы жолға қойылады, сондықтан жаппай вакциналаудың қарқыны арта түспек.

Украинада 8 апта бойы коронавирустың таралуы бәсеңдегеннен кейін ел билігі карантиннің қатаң шараларын едәуір жұмсартты. Атап айтқанда, елде ірі фестивальдер кедергісіз өтуде. Мәселен, Днепр жағасында осы жексенбіде өткен музыкалық шараға 500-ге жуық адам қатысты.

Виктор Ляшко, Украинаның Денсаулық сақтау министрі:

– Карантин талаптарын жеңілдету жолдары қарастырылып жатыр. Айталық, спорт залдары толық жұмыс істемек. Сонымен қатар жазғы демалыстан оралған тұрғындар үшін шекарадан өту процесін жеңілдетуді жоспарлап отырмыз. Дей тұрғанмен, вирусты әлі толық жеңген жоқпыз, сондықтан сақтық шараларын ұмытпауымыз қажет. Қоғамдық орындарда маскамен жүру, әлеуметтік қашықтық сақтау секілді талаптар сақталады.

«Еуропа елдерімен салыстырғанда, Украинадағы екпе егудің қарқыны әлі де төмен», –  деп сынайды қоғам белсенділері. Айталық, ел билігі тәулігіне 200 мың екпе саламыз деп жоспарлаған еді, алайда бір күнде 20 мыңға жуық адам вакцина алуда. Украинада әлі де жедел бригада жетіспейді, сондықтан Еуропа елдері сияқты өнеркәсіп, әскери бөлімнің жұмысшылары мен қарт адамдар екпе егу орталығына келіп, ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы