Ұлыбританияда коронавирустық шектеулер жеңілдетілмейді

21 маусым күні Англияда локдаун толық тоқтатылуы тиіс болатын.

Бірақ «Дельта» деген жаңа атауға ие болған үнді штамын жұқтырушылар санының артуына байланысты ғалымдар оны төрт аптаға кейінге шегеруге шақырды. Осы уақыт аралығында 10 миллионға жуық адам екпе салдырып үлгереді деген болжам бар. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон үкіметке шешім қабылдау оңайға соқпағанын жасырмады. «Шектеулерді толық алып тастаған жағдайда вирус вакциналау науқанын басып озуы мүмкін. Нәтижесінде мыңдаған адам бақилық болар еді», – деді ол.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Науқастар саны аптасына шамамен 64 процентке өскенін, ал қатты зардап шеккен аймақтарда апта сайын екі еселеніп жатқанын көріп отырмыз. Англия ауруханаларына түсіп жатқан науқастардың орташа саны апта сайын 50 процентке көбейді және бұл тенденция сақталуы ықтимал.

Премьер-министр 40 жастан асқандар үшін бірінші және екінші вакцина аралығын қысқартуға уәде берді. Айта кету керек, қазір екінші дозаны араға 12 апта салып, егіп жатыр. Денсаулық сақтау жүйесіндегілер қос компонентті салдырғандар үшін үнді штамын жұқтыру қаупі төмен екендігін айтады.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрі:

– Ақиқатын айтқанда, вакцинаның қос дозасын алғаннан кейін үнді штамын жұқтырған науқастың ауруханаға түсу қаупі төмендейді. Яғни екінші дозаның қорғау қабілеті жоғарырақ. Локдаун 19 шілдеге дейін ұзартылады. Егер екі аптадан кейін жағдай түзелсе, шектеулерді толық алып тастаймыз.

UK Hospitality ұйымының есептеуінше, локдаун тағы бір айға ұзартылған жағдайда Англияның пабтары мен мейрамханалары 3 млрд фунт көлемінде шығынға батады екен.

Айта кету керек, жаңа шешімді парламенттің төменгі палатасының мүшелері әлі мақұлдаған жоқ. Кейбір депутаттар наразылық білдіруі мүмкін деген ақпарат бар. Локдаун тек Англияда ғана ұзартылады. Біріккен Корольдік құрамына кіретін Шотландия, Солтүстік Ирландия және Уэльс коронавирустық шектеулерді осы айдың соңына таман алып тастауды жоспарлап отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы