COVID-19: Куба өз вакцинасын балаларға сынауды бастады

Зерттеуге 12 мен18 жас аралығындағы 25 бала тартылған.

Кейін екпені 3 жастан асқан балаларға да салу жоспарланып отыр. Жалпы шараға 300 бала қатыстырылмақ. Айта кетейік, Куба коронавирусқа қарсы өзінің 5 вакцинасын дайындап шығарған. Олардың біреуі жақында клиникалық сынақтың соңғы сатысын аяқтағаны хабарланды. 

Мэйби Де Ла Каридад,  Finlay институты вакциналарды зерттеу бөлімінің меңгерушісі:

– Бұл кезеңдегі сынаққа қатысатын балалар қатаң іріктеуден өткізіледі. Екпе салмас бұрын олардың физикалық жағдайы тыңғылықты тексеріліп, түрлі клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Осымен бірге жеткіншектер ПТР тест те тапсырды.

Ал Чилиде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты дәрігерлер қауымдастығы коронавиусқа қарсы шектеулер шараларын күшейтуге шақырып жатыр. Себебі ауруханалардағы интенсивті терапия бөлімдері науқастарға толған. Елде вирусты жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші 7 мың адамға жеткен.

Айта кетейік, Чилиде қазірге дейін халықтың 60 процентке жуығы вакциналаған.