АҚШ-та COVID-19 жаңа штамымен ауырғандардың саны артуда

АҚШ-та ковидтің жаңа штамын жұқтырғандардың саны вируспен ауырғандардың 10 процентін құрады.

Бұл көрсеткіш күннен күнге артып келеді деп дабыл қағуда мамандар. Өйткені Дельта атымен белгілі жаңа штамның таралуы бір аптада екі есе артты. Елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары алаңдауға негіз жоқ дегенімен, тәуелсіз сарапшылар күннің сууы жаңа штамының өршуіне әкелуі мүмкін деп ескертуде. Осы орайда елдің бас дәрігерлері халықты толықтай екпе алуға шақыруда. Өйткені Pfizer мен AstraZeneca вакциналарының бір компонентінің жаңа штамға қарсы тиімділігі бар–жоғы 33 процентті құраса, екі дозасы 92 процентті құрайды.

Пол Оффит, вакциналар мен жұқпалы аурулар маманы:

– Жаңа штамның таралу жылдамдығы айтарлықтай жоғары. Жалпы ковид індетінің мутанциалануы жалғаса береді және одан қорғанудың жолы – иммундық жүйені күшейту және вакциналану. Өйткені бұл суық ауа райын жақсы көретін вирус. Демек күздің және қыстың келуімен вирустың өршуі мүмкін деген сөз. Біздің мақсатымыз – оған жол бермеу үшін күз келгенше халықтың басым бөлігін вакциналау.