Бейжің тұрғындарына 40 млн цифрлық юань таратылды

Бейжіңде электрондық юаньді екінші рет халық арасында сынақтан өткізу шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардың 200 мың тұрғыны акция барысында 200 юань ұтып алды. Адамдар цифрлық ақшаны осы айдың 20-сына дейін дүкен, мейрамхана, ойын-сауық орталығы және басқа да орындарда қолдана алады.

Қытай тұрғындары түрлі қосымшалар арқылы төлем төлеуге үйрене алмай жатыр. Көп адам қолдарына жылдар бойы қағаз ақша ұстамағанын айтады. Себебі кез келген тауар мен қызметті мобильді әмиян арқылы есептесуге болады. Енді оларға цифрлық юань қосылып жатыр. Виртуалды ақшаны пайдаланушыларды көбейту үшін қала тұрғындары арасында ұтыстар ойнатылуда.

Чжан Чжунвэй, Бейжің тұрғыны:

- Қазір Қытай банкі науқан жүргізіп жатыр. Бізбен менеджерлер хабарласып, есепшот ашуды ұсынды. Электрондық әмиян ашу кезінде лотерея береді. 200 мың адам 200 цифрлық юаньнан ұтып алды. Осыған байланысты біз де электрондық әмиян аштық. Оны қолдану ережесі басқа қосымшаларға ұқсайды. Яғни, кодты сканерлеп төлейсің. Айырмашылығы тек бұл жүйеде электрондық ақша қолданылады. Және оның транзакциясына шектеу жоқ.

Жергілкті билік цифрлық юаньды жасап шығаруды 2014 жылы жылы бастаған. Жаңа ақша алғаш рет былтыр Гонконгпен шекаралас Шэньчжен аймағында қолданылды. Қытайдың цифрлық юаньды шығаруы батыс елдерін алаңдатуда. Олар Бейжіңнің бұл әрекеті ғаламдық резервтік ақша ретінде пайдаланылатын АҚШ долларын алмастыруға бағытталған деп ойлайды. Бірақ қытайлық сарапшылары цифрлық юань шығарудың негізгі мақсаты елдің төлем жүйесін жетілдіру деп отыр.

Чжан Сяоянь, Цинхуа университеті қаржы факультеті деканының орынбасары:

- Цифрлық юань қолайлы әрі қауіпсіз. Оны бір есепшоттан екінші есепшотқа аудару жеңіл. Бұл қытай экономикасының жаһандануы мақсатындағы маңызды қадам деп ойлаймын. Цифрлық валюта қаржы-несиелік саясатты бақылау үшін де тиімді. Бұл монетарлық саясат пен халықаралық сауда мүддесі үшін қолға алынған шара.

Қытай мамыр айында барлық криптовалютамен транзакцияны тоқтатты. Цифрлық юань да блокчейнді технологиясын қолданады. Бірақ оны Орталық банк шығарған. Ал Бейжіңдегі қазіргі сынақ келер жылғы қысқы Олимпиада алдында виртулды юаньды тексерудің соңғы кезеңі. Олимпиада келесі жылы ақпан-наурызда өтуі тиіс. Оған дейін цифрлық юаньды қолдануды ұлғайту жоспарланып отыр.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Ботагоз Сыргабаева

Сондай-ақ...