Ауқатты елдерде пандемиядан кейін психологиялық проблемалар өршіді

Ауқатты елдерде коронавирус пандемиясынан кейін психологиялық проблемалар өршіген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының өкілдері осылай деп дабыл қағып отыр. Бұл тұрғындардың денсаулығы мен әлеуметтік ахуалын нашарлатып қана қоймайды.

Сонымен қатар экономикалық әсері де бар.

Мамандар пандемия тіпті мектеп жасына дейінгі балалардың да психологиясына кесірін тигізгенін айтады. Өйткені бүлдіршіндер онсыз да түрлі гаджеттерді көп пайдаланатын. Ал шектеу шараларына байланысты үйде көп отыруға мәжбүр болған балғындардың бұл құрылғыдарды қолдану уақыты айтарлықтай артқан.

***

Пандемия психологиялық проблемаларды өршітті 

Коронавирус пандемиясына байланысты карантин енгізілгеніне бір жылдан асты. Миллиондаған адам жұмыссыз қалып, қалай күн көрерін білмей, күйзеліске ұшырады. Әсіресе, жастарға қиын соқты. Өйткені көңіл көтеру орындарының жұмысы шектелді. Кездесулер азайды. Бұл жағдай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше ауқатты 40 елдің тұрғындарына ауыр тиді. Яғни, жағдайы жақсы жұрттың психологиялық күйі нашарлаған. Бүкіл күш-жігер коронавируспен күреске жұмылдырылғанда тиісті проблемасы бар науқастардың қажетті медициналық көмек алуы да қиындаған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы соңғы 20 жылда тұрғындарының психологиялық әл-ауқатын жақсарту бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Алайда пандемияның бірнеше айы 20 жылғы еңбектің бәрін жоққа шығарды.

***

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы:

- Психологиялық проблемалар адамдардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына ғана әсер етпейді. Мұның экономикалық салдары да ауыр болады. Өйткені психологиялық қиындықтарға байланысты шығындардың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 4,2%-ке дейін жетті. Сонда бай елдер жылына 2,5 триллион доллардан қағылып отыр.

***

Күйзелістегі дәрігерлер үшін арнайы орталық ашылды

Пандемия жастар және жұмыссыз қалғандармен қатар дәрігерлер үшін де үлкен сынақ болды. Біраз ақ халатты күйзеліс пен қиындыққа шыдамай, жұмыстан кетті. АҚШ-та денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 29%-і соңғы бір жылда психологиялық жағдайы нашарлағанын айтқан. Бұл мәселенің өршіп кеткені соншалық, Нью-Йоркте дәрігерлер мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсететін арнайы орталық ашылған.

Фредерик Дэвис, дәрігер:

- Дәрігерлер коронавирус жұқтырған адамдарды емдеп, беті бері қарау үшін қолдан келгеннің бәрін істейді. Алайда көз алдында қаншама науқас қайтыс болып жатты. Мұны көріп, оған төзу оңай емес. Тіпті кейбіреулері өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барды. Сондықтан мынадай орталықтың ашылғаны дұрыс. Күйзеліске ұшыраған ақ халаттырларға психологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ олар проблемалары айтып, бір-біріне жәрдемдесе алады.

***

Кішкентай балалар гаджетті аптасына 24 сағат пайдаланады

Пандемия балалардың да психологиялық жағдайына кері әсерін тигізді. Өйткені жеткіншектер мектепке бармай, төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр болды. Құрдастарымен тек онлайнда араласу әдетке айналды. Ғалымдар мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер үшін қатты алаңдап отыр. Өйткені кішкентай балалар қазір ойыншықтардан гөрі телефонмен көп ойнайтыны бәріне мәлім. Мәселен, көрші Ресейде пандемияға дейін балғындар аптасына орта есеппен 24 сағат уақыт смартфонға телміреді. Ал, пандемия кезінде әлемнің 188 елінде балабақшалар жабылды. Тиісінше, бүлдіршіндердің гаджетті пайдалану уақыты да артты. Салдарынан балалардың психологиялық даму қарқыны да бәсеңдесе керек. 

Мария Руссохатцакис, логопед:

- Ата-аналар да, мұғалімдер де балалардың гаджеттерді пайдалануын шектеуге тырысып-ақ жатыр. Алайда пандемия кезінде уақыты бос болған балғындар мен жеткіншектерден оны талап ету қиынға соғады. Сөйтіп, жағдай бақылаудан шығып кетті. Әдет тәуелділікке айналды.

***

Пандемия кезінде ішімдікке салынғандар көбейді

Пандемияда психологиялық проблемалардың тағы бір көрінісі – ішімдікке салынған адамдардың көбеюі. Негізі соңғы бір жылда барлар мен дәмханалардың жұмысы шектеулі болды. Тиісінше, адамдар да алкогольді сусындарды аз тұтыну керек еді. Алайда жүргізілген халықаралық зерттеулер әлемде керісінше, ішімдік ішу деңгейі артқанын көрсетті. Мұндай жағдай әсіресе, АҚШ-та байқалады. Тұрғындар көңіл көтеру орындарына бармай-ақ тентек суды үйде отырып сіміретін болған. 

Кейт Джулиан, Atlantic басылымының редакторы:

- Кейінгі бір жылда ішімдік ішетін америкалықтар саны 25%-ке артты. Өйткені бұл олар үшін үрей мен күйзелістен уақытша құтылудың оңай жолы саналады.

Ал Ресейде былтыр алкогольді тұтынуға байланысты кісі өлімі артқан. Өткен жылы көрші елде осындай деректерден 50 435 адам көз жұмған екен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда, 3 мыңға көп.

Қазір көп мекемелер қайта ашылып жатыр. Шектеу шаралары да жеңілдетілген. Сондықтан адамдар арасында қарым-қатынас артып, алдағы уақытта күйзелісті еңсергендер қатары көбейеді деп үміттенейік.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева