АҚШ-тың батыс бөлігін соңғы 10 жылда болмаған қуаңшылық жайлады

АҚШ-тың батыс бөлігінде аптап ыстық қуырып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 10 жылда мұндай қуаңшылық болмаған. Мамандардың айтуынша, ыстықтан егістер қурап, су тапшылығы болуы мүмкін. Ал тап осы кезде АҚШ-тың Пенсильвания мен Флорида штаттарында шелектеп жауған жаңбыр соңы су тасқынына ұласты.

АҚШ-тың оңтүстік-батысында аптап ыстық ауыл шаруашылығына елеулі нұқсан келтіретін түрі бар. Егістер қурап, малға су мен жем жетпеуі мүмкін. Бұлақтар құрғап қалғандықтан, тауды мекендейтін жуанмүйізді қошқарлар да қырылып жатыр. Ұлттық метереологиялық қызметінің мәліметінше, қуаңшылықтағы аймақта елу миллионнан аса адам тұрады. Калифорния, Юта, Невада, Аризона, Колорадо штаттарында бүгін ауа температурасы 40 градустан асып кетті, ал кей аудандарда тіпті елу градусқа тақап қалды. Ыстық ауа райының салдарынан Юта мен Калифорния штаттарында ормандар өртенді. Калифорнияның оңтүстігінде бірнеше тұрғын үй жанып кетті. Билік Риверсайд ауданының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп, бірнеше күре жолды жауып тастады.

Исраэль Пас, жергілікті тұрғын:

- Өрт кесірінен жолдар жабылып, қатынау қиындап кетті. Палм-Спрингске тура бара алмаймыз, айналып өтуге мәжбүрміз. Кеше Лос-Анжелестен келе жатқанда мені үйіме жіберген жоқ.

АҚШ орман қызметінің мәліметінше, тілсіз жаумен арпалысқан бір өрт сөндіруші жарақат алды. Күшті желдің әсерінен өрт үлкен ауданға тарап кету қауіпі бар. Калифорния штатының әкімшілігі бұған жол бермеу үшін өрт сөндіру қызметін әрқайсысы 11 300 литр су тасымалдай алатын үлкен екі тік ұшақпен жабдықтады.

Брайан Феннесси, Ориндж аймағы өрт сөндіру қызметінің бастығы:

- Алдағы айда орман өрті өршиді деген болжамды ескеріп, жедел әрекет ету тобы құрылды. Бізге үлкен өрт сөндіру тікұшақтары қатты қажет. Әуеден су төгетін үлкен әрі жылдам құралдар орман өртін ауыздықтауға елеулі көмек көрсетеді.

Батыс өңір қуаңшылықтың зардабын тартқан кезде елдің өзге аумағындағы Пенсильвания мен Флорида штаттарында шелектеп жаңбыр жауған. Нөсердің соңы тасқынға уласып, елді мекендерді су басып кетті.

Ресейдің біраз бөлігінде де ыстық ауа райы орнады. Сібір мен Қиыр Шығыстағы орман өрті әлі де өшпей тұр. Құтқару қызметінің мамандарына күні-түні тыным жоқ.

Роман Пешков, Иркутск облысы Төтенше жағдай жөніндегі қызметі басшысының орынбасары:

- Катангск ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды. Кеше Ресейдің төтенше жағдай министрлігі аймаққа Ил-76 ұшағын жөнелтті. Бүгіннен бастап жіберілген техника өрт сөндіру жұмыстарына тартылатын болады.

Ең күрделі жағдай Якутия мен Иркутск облыстарында. Онда алапат өрттен 35 мыңнан астам гектар орманды алқап күлге айналды.