424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Күре жолдан күдер үзе ме?

  • 104
  • UPD: 11:40, 16.06.2021

Қырғызстанның ең ауқымды жобасы жүзеге аспауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын күре жол құрылысы тым созылып кетті. Жақында оны салуға алынған несие проценттерін төлеу керек болады. Ал құрылыс әлі аяқталған жоқ.

Жеті жыл бұрын Қытай берген несиенің алғашқы төлемдерін қайтару 2022 жылы басталады. Жоба 850 миллион долларға бағаланған. Оның 789-ы несиеге алынған қаражат. Бұл ақшасыз Қырғызстанның жол салуға мүмкіндігі болмас еді. Ауа-райы мен табиғи құбылыстар салдарынан Бішкек пен Ошты байланыстыратын жалғыз жолды жабуға тура келеді. Жаңа көлік дәлізі де жетуі қиын аумақ арқылы өтеді. Инженерлік есепте жіберген қателердің кесірінен жоба құны миллиондаған долларға өсті.

Зарылбек Сатаев, Қырғызстан есеп палатасының аудиторы:

– Жер қазу жұмыстарының нақты орындалған көлемі келісімшартта келісілген көлемге сәйкес емес екені анықталды. Жалал-Абад – Казарман учаскесінің құрылысы бойынша жоба құны спутниктік деректер мен алдын-ала есептеулер негізінде дайындалды. Ал оны топографиялық және геологиялық жағынан мұқият зерттегенде нақты заттардың орны бастапқы жобадан алшақ жатқаны анықталды.

Осылайша, жетуі қиын жерлерде құрылыс жүргізу жергілікті мамандардың қолынан келмеді. Бірнеше жыл бойы геологиялық және топографиялық зерттеулер жүргізудің орнына, спутниктік жүйелердің мәліметі негізге алынды. Тез болғанымен, кейін қымбатқа түсті. Қытайлық мердігерлерге қырғызстандық инженерлердің қателіктерін екі рет қайта жөндеуге тура келді, үшіншісінде олардың да шыдамы таусылды. Мұның барлығы көптеген кідірістерге алып келді, ал жобаны қайта есептеуге ақша көп кетеді. Мысалы, жолдың биік таулы учаскелеріндегі қосымша жұмыстар құрылыстың 35 миллион долларға қымбаттауына алып келді.

Мейкинбек Абдалиев, Қырғызстан парламентінің депутаты:

35 миллион доллар ол шамамен үш миллиард сом. Бұл тұтас министрліктің не бір облыстың бір жылдық бюджеті. Осы ақшаға кім жауап береді? Артық шығын 1 не 2 миллион доллар болса, түсінікті, бірақ 35 емес қой.

Қырғызстан билігі Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын балама жол 2023 жылы дайын болатынына уәде берді. Қазіргі уақытқа жұмыстың шамамен 80% аяқталды. Алайда  құрылысқа берілген қытайлық ақша таусылды. Жетпей тұрған қаржыны Қырғызстан Азия даму банкінен алуға үмітті. Несиеге өтінімді жіберді, бірақ әлі де жауап жоқ.

Авторы:Бақыт Чермашев

 

 

Хабар 24 телеарнасы