Ресей мен АҚШ саммитінен не күтуге болады?

Женевадағы Ресей мен АҚШ президенттерінің саммитінің басталуына бірер сағат қана қалды.

Жоғары деңгейдегі форум Еуропа уақыты бойынша сағат 1-де басталуы тиіс. Осылайша қос президент алғаш рет кездеседі. Женевада күн қазір қайнап тұр. Синоптиктер бүгін 32 градусқа дейін ыстық болады дейді. Сондай-ақ 2 ірі ядролық держава басшыларының арасындағы әңгіме де қызу өтетін сияқты. Себебі Ресей мен АҚШ басшыларының өзі де екі елдің қарым-қатынасы соңғы жылдары қатты ушығып кеткенін ашық айтып жүр. Халықаралық саясат бойынша тәжірибелі сарапшы Давид Чикваидзенің ойынша, алдағы кездесу қырғи-қабақ соғыс кезінде өткен бас қосудан бір мысқал да кем емес. 36 жыл бұрын Рейган мен Горбачев жүздескен болатын.

Давид Чикваидзе, БҰҰ Бас директоры хатшылығының Женевадағы бөлімінің басшысы:

– Бұл салыстырудың өзі үстірт екенін айту қажет, себебі ол кездегі мақсат пен атмосфера мүлде бөлек болатын. Әлемдегі барлық адамның және сарапшылардың өкінішіне қарай, америка-ресей қарым-қатынасына нақты анықтама беру қиынның қиыны. Өйткені бұл елдердің арасында Кеңес Одағы тұсындағыдай ешқандай идеологиялық күрделі мәселе жоқ. Бұл қарым-қатынастың осылай қатты ушығуына не себеп болғанын тап басып айту мүмкін болмай тұр. Сондықтан осы жолғы кездесудің маңызы зор. Енді әрі қарай жылжи беру керек. Бұдан басқа жол жоқ. Кез келген нәтиже жақсылыққа бастауы қажет.

Қысқасы, Кремль мен Ақ үйдің арасы жақсаруы тиіс. Барлық сарапшылардың күтетіні осы. Аналитиктер екі елдің елшілері өз астанасында 2 айдан бері кеңес өткізіп жатқанын алға тартады. Аталған бас қосудан кейін дипломаттар жұмыс орнына оралады деген әлсіз үміт те жоқ емес.

Давид Чикваидзе, БҰҰ Бас директоры хатшылығының Женевадағы бөлімінің басшысы:

Ең ауыр кезеңнің өзінде, мысалы, 1962 жылғы Кариб дағдарысында елші Добрынин Вашингтоннан кеткен жоқ. Сосын 1986 жылы көптеген дипломаттар «персона нон-грата» деп жарияланғанда да, елшіліктер мен консулдықтар жұмыс істеп тұрды. Сондықтан алдағы кездесудің нәтижесінде дипломаттар келіссөздер үстеліне отыруы әбден мүмкін. Рас, басқосу өте қысқа. Бірақ президенттер уақытқа жұмыс істемейді, уақыт президенттерге жұмыс істейді. Бәрі мемлекет басшыларының ерік-жігеріне байланысты.

Ги Пармелен, Швейцария президенті:

– Швейцария ірі державалар арасындағы сындарлы диалог қазіргі мәселелерді шешу үшін қажет деп сенеді. Әлем 18 айдан бері коронавирус зардабынан бас көтере алмай келеді. Женевадағы кездесу АҚШ пен Ресей президенттері үшін жақсы мүмкіндік.

Халықаралық сарапшылар мен саясаткерлерде ресми Мәскеу мен Вашингтон арасында бүгін өтетін келіссөздер алдағы 4 жылдың ынтымақтастық межесін айқындап береді деген үміт басым.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст