Вакцина кез келген штамнан қорғайды

Қазақстанда коронавирустың үнді штамы тіркелген жоқ. Бұл үшін арнайы талдамалық зерттеулер тұрақты түрде жүргізіліп отырады дейді денсаулық сақтау министрі. Жалпы кейінгі кезде вакциналар үнді штамына қарсы тұра алмайды деген әңгімелер көп тарады. Алайда британдық ғалымдар мұны жоққа шығарып отыр. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдануға рұқсат еткен барлық екпе кез келген штамнан қорғайтынын айтады.

Ұлыбританияның эпидемиологиялық қызметі үнді штамына қарсы екі ай бойы зерттеу жүргізіп, осы вирус түрін жұқтырған 14 мың адамды бақылаған. Арасында екпе салдырғандары да болған. Солардың ішінде 166 науқас ғана ауруханаға түскен. Көбі вакцина қабылдамағандар. Бұл коронавирусқа қарсы препараттың бір дозасының өзі түрлі штаммен ауырған кезде індеттің ауыр формасынан 90 процентке қорғайтынын көрсетеді, дейді ғалымдар. Бірақ айта кетерлігі, әзірге тиісті зерттеуді басқа ғылыми қауымдастық өкілдері растаған жоқ. 

Мамандар халықты вакцина салдыруға шақырып отыр. Алайда Ресейде бұл науқан әлі де болса баяу жүріп жатыр. Өткен аптаның соңындағы деректер бойынша мұнда препараттың қажетті екі дозасын алғандар саны 18 миллионнан асқан. Бұл халықтың шамамен 12 проценті. Қазір көрші елде күніне орта есеппен 153 мың екпе жасалады екен. Сарапшылар бұл қарқынмен халықтың жартысын қамту үшін бір жылдан көп уақыт кететінін айтады. Билік жұртты вакцина салдыруға ынталандыру үшін түрлі шаралар ойлап тапқан. Мәселен, Мәскеуде препарат қабылдағандар арасында көлік, Мәскеу облысында пәтер ойнатылады. Курск облысында зейнеткерлерге 3 мың рубльден беріледі.

Александр Репинецкий, Самара мемлекеттік әлеуметтік-педагогикалық университетінің проректоры:

- Екпе салдырғысы келсе де ол үшін арнайы ауруханаға барғысы келмейтін адамдар жетерлік. Бізге мобильді бекет келді. Нәтижесінде студенттер ешқайда бармай-ақ препарат қабылдап, мәз боп жатыр.

Американдықтар да түрлі ынталандыру шараларын ұсынудан жалығар емес. Мәселен, Калифорнияда екпе салдырғандар арасында штаттың танымал туристік орындарына 6 жолдама ойнатылады. Одан бөлек ақшалай жүлде де қарастырылған.

Гэвин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:

- Біз вакцина салдырғандар арасында ақшалай сыйлықтар ойнатамыз. Мөлшері бір жарым миллион доллар. Ондай бір емес, 10 жүлде ойнатылады. Яғни штаттың он тұрғыны екпе қабылдап, ол үшін бір жарым миллион долларға ие болуы мүмкін.

Калифорния АҚШ бойынша вакциналауда жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Штат ел бойынша ауру жұқтыру деңгейі ең төмен өңірлердің біріне кіреді. Нью-Йорк штатының да нәтижелері жаман емес. Мұнда ересек тұрғындардың 70 проценті екпенің кемі бір дозасын алған. Тиісті жетісікке орай Нью-Йоркте отшашу ұйымдастырылды.

Ал Индонезияда вакциналау науқаны баяу жүріп жатыр. Препараттың 2 дозасын салдырғандар үлесі 5 процентке де жетпейді. Сондықтан жұртты ынталандыру үшін билік қарттарға тегін тауық тарата бастады. 

Курниа Сануси, ауыл басшысы:

- Вакцина салдырғысы келмейтіндер қатарында әсіресе қарт кісілер көп. Олар қорқады не басқа да себептермен кестеге сай екпені алмай жатыр.

Ал Түркияда ынталандыру шараларынсыз-ақ тұрғындар арасында екпеге деген сұраныс жоғары. Кешеден бастап мұнда мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік сақтандыру полисі бар мамандарға вакцина қабылдауға рұқсат берілген. Мұны естіген жұрт орталықтарға лап қойған. Сөйтіп, бір күнде 1 миллион 200 мыңға жуық екпе жасалыпты. Билік сұраныстың осыншама жоғары болатынын күтпесе керек. Сөйтіп, вакциналауға жазылу жүйесі сауалдың көптігіне байланысты шыдас бермей, істен шыққан екен. 

Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Жаңбыршы