Байден мен Путин келіссөзі басталды

Женевада АҚШ Президенті Джо Байден мен Ресей Президенті Владимир Путин арасындағы келіссөз басталды.

Кездесу Ла Гранж вилласында өтіп жатыр. Қос ел басшысын алдымен Швейцария президенті Ги Памерлен күтіп алды. Үшеуі суретке түсіп, Байден мен Путин бір-бірінің қолын алды. Ал негізгі басқосу үш бөлімнен: бір шағын және 2 кеңейтілген келіссөзден тұрады. Шағын келіссөз қос елдің сыртқы саясат басшыларының қатысуымен өтсе одан кейінгі жүздесу ұлғайтылған құрамда белгіленген. Кездесуде екі жақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен келешегі, стратегиялық тұрақтылық, ақпараттық қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және өзге де мәселелерді талқылау қарастырылған. Жиын 4-5 сағатқа созылуы мүмкін. Женевада қауіпсіздік күшейтілген. Қаланың әр ауданында полиция бекеттері қойылған. 3 мыңға жуық сақшы мен 1 мыңдай әскер жұмылдырылған.