424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытай орбиталық станцияға ғарыш кемесін ұшырды

  • 143
  • UPD: 17:27, 17.06.2021

Бүгін Қытай орбиталық станцияға ғарыш кемесін ұшырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бортында 3 ғарышкер бар ғарыш көлігі космосқа жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 09:22-де көтерілді. Халықаралық жобаларды жүзеге асыруға арналған станция алдағы жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Арайлым Жақсылыққызы, тілші:

- Қытай орбиталық станция құрылысын жүргізу үшін ғарышқа үш ғарышкерін жіберді. Астронавттар бүгін таңертең Гоби шөліндегі  «Цзюцюань» ғарыш айлағынан «Шэньчжоу-12» ғарыш кемесімен сапарға шықты.

Ғарышкерлер орбиталық станцияда 3 ай болмақ. Кейін қыркүйек айында  оларды басқа астрановттар алмастырады. Миссияның басты мақсаты – ғарыш станциясын сынақтан өткізу және оны қадағалау. Алдағы уақытта әлі 11 аппарат ұшырылады деп жоспарланады. Болжам бойынша ғарыш станциясы келесі жылы іске қосылуы тиіс. Мұнда халықаралық жобалар да жүзеге асырылмақ.

Хуан Вейфен, Ғарышкерлерді даярлау орталығының қызметкері:

- Мамандарды ғарышқа алғаш рет 90 күнге жіберіп жатырмыз. Бұған дейін олар орбитада 33 күн болған еді. Алайда осы жолы діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін салмақсыздық күйінде біраз уақыт бейімделуі керек.

Аппаратты орбитаға шығару үшін CZ-2F тасымалдаушы зымыраны қолданылды. «Шэньчжоу-12-нің» ұшырылуы соңғы бес жылда алғашқы рет болып отыр. Соңғы басқарылатын ғарыш миссиясы 2016 жылы жүзеге асырылғанын айтып кету керек.

Авторлары: Арайлым Жақсылыққызы, Зауреш Думанқызы

Хабар 24 телеарнасы