Әлемді құрғақшылық жайлап барады

17 маусымда шөлдену мен қуаңшылыққа қарсы күресудің дүниежүзілік күні атап өтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

БҰҰ мамандары құрғақшылық пен су тапшылығы зардабын пандемиямен салыстырды. «Қазірдің өзінде көптеген елде ғаламдық жылынудың салдары айқын білініп отыр», - дейді сарапшылар. 

Шөлейттену – әлемдегі аса қауіпті үрдістің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бойынша бағдарламасының мәліметіне сай әлемнің төрттен бір бөлігіне шөлге айналу қаупі төніп тұр.

Мами Мизутори, БҰҰ Бас хатшысының апаттар қаупін азайту бойынша арнайы өкілі:

- Қуаңшылық келесі дүниежүзілік апат болуы мүмкін, ал оған вакцина жоқ. Пандемия секілді ол ұзақ уақытқа созылады, көптеген аймаққа тарап, үлкен нұқсан келтіреді.

БҰҰ-ның мәліметінше, 1998 жылдан 2017 жыл аралығында құрғақшылықтан 1,5 миллиард адам зардап шегіп, 124 миллиард доллар мөлшерінде шығын келген. Егер адамзат бұған қарсы шұғыл қимылдамаса, осы ғасырда 130-ға жуық елге шөлейттену қаупі төнеді. Ал өзге елдерге азық-түлік жетіспей, бағасы күрт өсуі мүмкін.

Мәселен қазірдің өзінде Еуропада кофе, шоколад, соя мен пальма майы тапшы болуы мүмкін. Қуаңышылықты бастан кешкен Оңтүстік Америка, Африка және Азия елдерінде осы өнімдердің өндірісі қысқарып келеді.

БҰҰ-ның мәліметінше, Иракта жыл сайын кем дегенде 250 шаршы шақырым жер шөлге айналып барады. Әсіресе, елдің оңтүстігінде жағдай ауыр. Көршілес Түркия мен Иранда су бөгеттері салынғандықтан, өңірдегі басты екі өзен Тигр мен Евфратта су көлемі азайған.

Ум Мунтадхар, Ирак тұрғыны:

- Өзен құрғап кеткендіктен, тұрмыс қиындап кетті. Малымыз қырылды. Қуаңшылықтың кесірінен мұнда өмір сүру мүмкін емес.

Құрғақшылық тек ауыл шаруашылығына ғана емес, өнеркәсіпке де кері әсерін тигізіп отыр. Әлемде жартылай өткізгіштердің жартысынан көбі шығарылатын Тайвань аралы соңғы 100 жылда болмаған қуаңшылықты бастан кешіп отыр.

Өндірісте қолданылатын металды тазалау үшін көп су қажет. Ал жартылай өткізгіштер смартфон мен автокөлік секілді кез келген техниканы шығару үшін керек.

Пэн Чи-Мин, метеоролог:

- 2020 жыл Тайваньға бірде-бір тайфун соққан жоқ. Соңғы рет осындай құбылыс 1964 жылы байқалған. Ал тайфуньмен келетін нөсерлер Тайваньдағы жылдық жауын-шашын мөлшердің жартысын құрайды.

АҚШ та аптап ыстықтың зардабын тартып отыр. Калифорния, Аризона, Невада, Нью-Мексико штаттарында ауа температурасы 47 градусқа дейін ысып, рекордтық көрсеткішке жетті. Әдетте бұл кезде жаңбырлар маусымы басталатын. Жауын-шашын болмағандықтан, көлдер мен өзендер құрғап барады. Мәселен Мид су қоймасы тарихындағы ең төмен деңгейге түсті. Аптап ыстықтан ормандар өртеніп, егістер қурап қалды.

Сальвадор Парра, фермер:

- Бұрын осында қызанақ, қарбыз, мақта өсіретін едік. Ал қазір түк те қалмады. Өйткені су жоқ.

Көрші ел Қырғызстанда да егістерге су жетіспей жатыр. Әсіресе, Шу облысында жағдай қиын. Жергілікті фермерлердің айтуынша, бүкіл өнімінен айырылатын түрі бар. Таудағы мұздықтар ауданы азайғандықтан, Шу өзеніне су аз түсетін болды.

Авторы: Бекболат Тұрмаханов

Сондай-ақ...