The Times: Еуро-2020 финалы Будапештте өтуі мүмкін

Қазір Еуропа алаңдарында футбол бәсекесі қызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантиндегі доп додасының финалы Будапештке ауысуы мүмкін. Шешуші матч 11 шілдеде Лондонда өтуі тиіс еді. Алайда бұл жоспар өзгеруі ықтимал.

Британдық The Times басылымының хабарлауынша, финал Венгрия астанасына ауысады.

Шетелдік ақпарат құралдары Еуро-2020 финалы Венгрия астанасында өтуі мүмкін деп хабарлайды. Мұның бәрі Ұлыбританиядағы эпидемиологиялық ахуалмен байланысты.

Еуропа чемпионатының финалы 11 шілдеде Лондондағы «Уэмбли» стадионында өту керек еді. Оған спортшылардан бөлек футболға қатысы бар ресми тұлғалар, саясаткерлер, демеушілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де жіберілуі тиіс. Бұл шамамен 2500 адам. Алайда Ұлыбританиядағы эпидемиологиялық талаптар бойынша олар елге келгеннен кейін карантинде болуы керек. УЕФА британ билігін аталған тұлғаларды бұл ережеден босатуын сұрап отыр. Қазіргі талапқа сай 90 мың адамға арналған «Уэмбли» стадионындағы кісі сыйымдылығы 25%-тен аспау керек. The Times басылымының хабаралуынша, британдықтар келушілер саны бұдан көп болса, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Сондықтан финал Венгрия астанасына ауысуы мүмкін деген ақпар бар. Өйткені чемпионатты қабылдап жатқан 11 шаһардың ішінде тек Будапештте ғана стадионғы келушілерге шектеу жоқ. Мәселен мұнда 15 маусымдағы алғашқы ойынға 55 мыңнан аса көрермен жиналды.

***

EURO 2020: Мәскеудегі жанкүйерлер аймағы жабылды

Ал, Мәскеуде Еуропа чемпионатының жанкүйерлер аймағы бүгіннен бастап жабылды. Бұл да эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты қабылданған шешім. Қалада коронавирус жұқтыру деректерінің артуы салдарынан бүгіннен бастап жаппай шараларға мың адамнан артық қатысуға болмайды. Мәскеудегі жанкүйерлер аймағы 5 мың келушіге арналған.

Сергей Собянин, Мәскеу мэрі:

- Бүгіннен бастап жаппай шараларға 1000 адам ғана қатыса алады. Яғни, театр мен кинотеатрлар жұмыс істей береді. Алайда келушілер саны бұл межеден асып кететін іс-шараларды өткізуге рұқсат жоқ. Сондықтан би алаңдары мен жанкүйерлер аймағын уақытша жабуға мәжбүрміз

***

EURO 2020: Бір аптада туристерден 310 млн рубль пайда түскен

Еуропа чемпионатын қабылдап жатқан қалалардың бірі – Санкт-Петербургте де жанкүйерлер аймағына қатысты шектеу шаралары енгізілген. Бұл орындар Мәскеудегідей жабылмайды. Десе де, кешеден бастап мұндай аймақтарда азық-түлік өнімдерін сатып, қоғамдық тамақтану қызметін көрсетуге болмайды. Жанкүйерлер тек сусын ғана сатып ала алады. Осындай шектеулерге қарамастан Санкт-Петербургтегі кәсіпкерлер жақсы пайда тауып жатқанға ұқсайды. Өйткені мұнда «Еуро 2020-ның» алғашқы бір аптасында туристік пайда 310 миллион рубльден, яғни шамамен 2 миллиард теңгеден асып кеткен. Бұл 2018 жылы қалада өткен әлем чемпионатымен салыстырғанда, 40%-ке көп болып шықты.

***

Токио Олимпиадасына тіркелген БАҚ өкілдерін вакциналау басталды

Осы Санкт-Петебургте бүгін Швеция мен Словакия футболшыларының ойыны өтуі тиіс. Алайда Словакия ұлттық құрамасының бір ойыншысы мен жаттықтырушыларының бірі корнавирус жұқтырғаны анықталды. Коронавирус демекші, спорт әлеміндегі тағы бір дүбірлі дода – Токиодағы Олимпиада ойындарына қатысатын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бүгін вакцина салу жұмыстары басталды. Спортшылардың өздері 1 маусымнан бері екпе алып жатыр. Вакцина салдыруға құқы бар тұлғалар қатарында спорт нысандары мен олимпиада қалашығында жұмыс істейтін мамандар, волонтерлер мен медицина қызметкерлері де бар.

Кохей Идзухара, Олимпиада қалашығында жұмыс істейтін маман:

- Коронавирусқа қарсы екпе салдырып алдым. Жақсы болды. Спортшылармен қатар біз де өзімізді қауіпсіз сезінгеніміз дұрыс қой.

Бұған дейін белгілі болғандай, келесі айда басталатын Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар коронавирусқа қарсы ережелерді бұзатын болса, елден депортациялануы мүмкін. Одан бөлек, маска тақпау, әлеуметтік қашықтық сақтамау, ұйымдастырушылармен бекітілмеген орындарға бару және медициналық тексеруден өтуден бас тарту үшін айыппұл және додадан шеттетілу жазалары да қарастырылған.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева