Өзбекстанда экстремизмге қатысты 40 күдікті ұсталды

Өзбекстанда бір аптаның ішінде діни экстремизмге қатысы бар деген күдікпен 40 адам ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуелі маусымның 10-ы күні Самарқан қаласында арнайы операция кезінде 14 күдікті қолға түскен. Олар Сирия мен Таяу Шығыстағы террористік ұйымдарға қосылуды жоспарлаған. Ал маусымның 17-сінде Самарқан облысының Үргіт ауданында 6 күдікті ұсталды. Олар «Хизб ут-Тахрир» халықаралық террористік ұйымының жасырын тобын құрды деп айыпталып отыр. Самарқан облысы Ішкі істер басқармасының мәлімдеуінше, ұсталғандардың арасында бұрын дәл осы ұйымды насихаттағаны үшін сотталғандар бар. Бұдан бөлек, маусымының 16-сы күні Сырдария облысында да арнай операция жүргізілген. Онда діни экстремизмге қатысы бар деген күдікпен 20 азамат ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, олар телеграм мессенджерінде канал құрып, экстремизм мен терроризмді насихаттайтын аудио және бейнематериалдар таратқан. Қазір барлығына қатысты қылмыстық іс қозғалды.