Бельгия билігі шектеулерді жеңілдете бастады

Бельгияда эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты билік шектеулерді жеңілдетуді шешті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, Корольдік еуропалық картада індет өршіген «қызыл аймақтан» «сарғылт» түске ауысқан. Бұл елге туристердің көптеп келуіне мүмкіндік туғанын көрсетеді. Маусымның 27-інен бастап қоғамдық тамақтану орындары түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істей алады. Мейрамханада бір үстел басында 8 адамға дейін отыруға рұқсат етілмек. Шағын тойларға қатысушылардың санына шектеу алынып тасталады. Бірақ ғимарат ішінде өтетін ірі спорттық және мәдени шараларға келушілер 2000 адамнан, ал ашық аспан астында 2500 адамнан аспауы тиіс.

Александр де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Түнгі би кештеріне әлі тыйым бар. Біз олар туралы ұмытқан жоқпыз. Мұндай орындар Еуропаның өзге елдерінде де әлі жабық. Себебі, түнгі клубтарда вирус жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан мұндай нысандардың қауіпсіз екеніне көзіміз жеткен соң ғана ашамыз.