Түркияда әрбір үшінші адам семіздікке шалдыққан

Семіздік пен артық салмақ қазіргі кездегі әлем халқы денсаулығының негізгі мәселесінің біріне айналды. Түркияда да семіздік ауруы дабыл қағуда. Елде әрбір үшінші кісі артық салмақты. Бұл туралы түрік парламентінің семіздікпен күресу әдістері мен шаралары комитеті хабарлайды. Ғасырлық дерт әсіресе пандемия уақытында еселеп артқан.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Томпақ бала денсаулығы мықты бала. Қазақ халқы секілді түрік жұртының да түсінігі осындай. Ал артық салмақ пен семіздікке шалдыққан әрбір үшінші бала есейгенде сол салмағында қалып қояды екен. Бұл жағдай денсаулыққа еселеп зиян келтіретіні анық. Сондықтан тамақты табақ таусылғанша емес, тойғанша жеу керек. Ол үшін әрбіріміз ағзамызды жақсы білуіміз тиіс.

Түркияда әрбір үшінші кісі ауыр салмақты. Елде ер кісілердің 15%, әйелдердің 25%-і семіздік ауруына шалдыққан. Бұл жағдай көп жылдан бері елдің өзекті мәселелерінің бірі. Екі жарым жылдан бері зерттеу-сараптама жұмыстарын тамамдаған түрік парламентінің семіздікпен күресу комитеті арнайы бағдарлама жариялады. Оған сәйкес, ел көлемінде денені шынықтыруға бағытталған жаттығулар артып, дұрыс тамақтану насихатталады. Отбасылық диетологтардың саны өсіп, жасөспірімдердің салмағы балабақшадан мектепке дейін қадағаланбақ. Сондай-ақ оқу қабырғасында берілетін азық-түлік жіті тексеріледі. Спорт кешендерінің есігі қысқы және жазғы демалыстарда да ашық болмақ.

Фахри Йетишир, дәрігер-хирург:

- Майданда соғысқа қалай әзірленсек, семіздік ауруына қарсы да жақсы әдіс қолдануымыз тиіс. Бірқатар мемлекеттік және жергілікті билік жұмыла әрекет етуі шарт. Мектеп табалдырығынан бастап дұрыс тамақтануға үйрету қажет. Мәселен, ас мәзірінде органикалық азық-түлікті көбейту керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы министрлігі алдында үлкен міндет тұр. Велосипед жолдары салынып, таза ауада спортпен шұғылдану үшін қауіпсіз орта жасау қажет. 

Газды сусындарда қант көлемін азайтып, пайдалы азықтарға салынатын салықты төмендету қажеттілігі де айтылды. Сондай-ақ арықтауға арналған дәрілердің интернет арқылы сатылуына тыйым салу мәселесі де қаралмақ. Бұдан бөлек тағам жасауға арналған телебағдарламаларды түсіруге шектеу қойылып, телехикаяларда салауатты өмір салтын үгіттейтін кейіпкерлерге тарту қажет. Дәрігерлердің пікірінше, белгілі салмақтан кейін семіздікке тек асқазан көлемін кішірейту операциялары ғана көмектесе алады.

Фахри Йетишир, дәрігер-хирург:

- Былтыр 20 мыңнан астам науқасқа асқазан көлемін кішірейту операциясын жасадық. Операция жасайтын мамандарды көбейтіп,  медициналық сақтандыруды жекеменшік ауруханаларда да жарамды етіп жасау қажет.

Карантин мен оқшаулау шаралары, қашықтықты сақтау ережелері, белгілі топтағы азаматтарға арналған коменданттық сағат пен физикалық белсенділіктің төмендеуі семіздік деңгейінің өсуіне алып келді, дейді мамандар. Ғалымның айтуынша, карантиннен кейін де семіздікке қарсы күрес мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ.