Ресейде эпидемиологиялық ахуал нашарлады

Іргедегі Ресейде дүрбелең, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда қызмет көрсету, медицина және білім беру мекемелері қызметкерлерін вакциналауға міндеттегеннен кейін, Мәскеуде екпе салдыруға ұзын-сонар кезек пайда болды. Компьютерлік томография жасайтын қосымша орталықтар ашылып, ковидтен емдейтін ауруханалар қайта жасақталып жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, дертке шалдыққандар негізінен 20 мен 29 жас аралығындағы жастар. Соңғы тәуліктің өзінде 17 мың 379 науқас анықталған. Олардың көбі Мәскеу облысы мен Санкт-Петербургте.

Эпидемиологиялық жағдай нашарлап бара жатқанда, Мәскеу әкімшілігі қабылдаған шешімдер жұртты таң қалдырды. Балаларға арналған бірқатар мекеме мен фудкорттар жабылып, мейрамханаларға түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салынды. Алайда бұқаралық шаралар әлі де өткізіліп жатыр. Қызыл алаңда кітап фестивалі ұйымдастырылып, оған мыңдаған адам келіп жүр. Ұйымдастырушылар санитарлық шаралардың сақталуын қадағалауға уәде берген.

Сондай-ақ Мәскеуде футболдан Еуропа біріншілігінің ойындары көрсетілетін жанкүйерлерге арналған алаңдар жабылды. Көршілес Тверь мен Тула облыстарында елдегі ең ауқымды екі музыкалық фестиваль өтпейтін болды. Оған жыл сайын жүздеген мың адам жиналатын. Дегенмен Ресей 22 маусымнан бастап Түркия шипажайларымен әуеқатынасты қайта орнатпақ. Ал осыдан бір апта өткеннен кейін тағы да 8 елге ұшақтар қатынайтын болды.

Турист:

– 2020 жылы карантин жариялау алдында Сингапурға, ал жақында Түркияға барып келдім. Әуекомпаниялар жолаушылардың қамын жақсы ойластырған, маска таратып, қолдарын залалсыздандырады. Шынымды айтсам, Мәскеудегі метрода жүру саяхаттаудан қауіпті.

Мәскеу билігі локдаун жарияламауға тырысып келеді. Сондықтан вакциналауды міндеттеді. Қазірде вакцинаның екі компонентін қаланың тек бір жарым миллион тұрғыны салдырған. Енді қызмет көрсету саласы, медициналық және білім беру мекемелері қызметкерлерінің 60 проценті екпе салдыруы тиіс. Тіпті екпе жасамаған адамдарға жоспарлы медициналық қызмет көрсетуге тыйым салынды.

Владимир Гущин, Гамалеи атындағы орталықтың зертхана жетекшісі:

– Былтыр науқастардың 80 процентінде ауру жеңіл өткен. Бірақ қазір жағдай өзгеріп барады. Жастар арасында дертті жұқтыру көбейді, ауыр өтетін болды. Былтырғыдай екпе салдырмай-ақ сақтанамыз деп санау дұрыс емес.

Мәскеу билігі вакциналанған және бұрын ковидпен ауырған адамдарда да коронавирус анықталып жүргенін мойындады. Бұл тез жұғатын үнді штамының таралуына байланысты деп санайды.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров