Египетте «қара зең» тез таралып жатыр

Мысырлықтар туризмен түсетін табысты арттырамыз деп дәмелі. Бірақ коронавирустың дельта штамы мен мукормикоздың таралуы елдегі эпидахуалды ушықтыруы мүмкін.

Қазір біраз адамнан осы дерт түрлері анықталған. Бірақ билік өкілдері тиісті шаралар қабылданғанын айтып, қорқатын ештеңе жоқ деп отыр.

Мерзімінен бұрын дабыл қағудың қажеті жоқ! Египеттің Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп мәлімдеді. Билік елдегі эпидахуалдың ушыққанын мойындаса да, байбалам салуды жөн көрмей отыр. Есесіне індеттің үшінші толқынын еңсеруге бар күшін салып, ықтимал төртінші толқынына дайындалып жатыр. Жығылғанға жұдырық болып, өңірде мукормикоз да тез тарай бастады. «Қара зең» деп аталатын қауіпті дерт асқынса, науқас дене мүшелерінен айырылып, тіпті өліп кетуі мүмкін.

Кахраба Варда, эпидемиолог:

Денсаулық сақтау министрлігі қара зеңге шалдыққан науқастарды емдеу үшін арнайы медициналық орталықтар бөлді. Сонымен қатар, қалалық ауруханаларда арнайы бөлімдер құрылып жатыр.  Ресми ақпарат  бойынша, ел аумағында мукормикоздың ондаған дерегі анықталған. Ал дәрігерлер қауымдастығының мәліметінше, қара зеңмен 500-дей адам ауырған.

Соңғы аптада санитарлық шаралар күшейтіліп, мейманханалар мұқият тексеруден өтті. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, мукормикозға шалдыққан науқастар дәрігерлердің бақылауында. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, жақында «қара зеңнің» алдын алу бойынша ем-шаралары коронавирусты емдеу хаттамасына енгізілмек.

Эльнени Хамед, дәрігер:

Мукормикоз – қауіпті дерт. Алайда біз, дәрігерлер, бос байбалам ахуалды тек ушықтыратынын түсінеміз. Үндістанда болғандай, бізде «қара зең» індетке айналмайтыны анық. Мамандар оған шалдыққан әр науқасты бақылап жатыр. Инфекцияның адамнан адамға жұқпайтынына қарамастан, науқаспен қатынасқан адамдар да оқшауланатын болды. 

Дәрігерлер қауымдастығының мәліметінше, үкімет мукормикозбен күреске қомақты қаражат бөлді. Басты бөлігі ауруханаларда өкпені жасанды желдету аппараттарын ауыстыруға кетеді. Кейбір мәлімет бойынша осы аппараттар арқылы «қара зең» инфекциясы науқастардың өкпесіне тура жетеді екен. 

Авторлары: Светлана Брахмит, Амр Мурад