Еуропада дүрбелең: үнді штамы тез жұғады, тез тарайды

«Дельта» деп атау берген коронавирустың үнді штамына қатысты қауіп күшейіп барады. 

Бұл жұқпалы дерт қазір Үндістан тұрмақ Еуропаның бірнеше елінде дүрбелең туғызды. Елді алаңдатқаны тез жұғады, тез тарайды.

Үндістандық ғалымдар оның вакцинаның екі дозасын алғандарға да жұғатынын хабарлайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары екпелердің барлық штамға қарсы әсері бар екенін айтып отыр.

Үнді штамы Еуропада тез жайылып барады. Ұлыбританияда бұған дейін британдық мутация кеңінен тараған еді. Ал қазір анықталып жатқан оқиғалардың 98 проценті Дельтамен байланысты. Он шақты күн бұрын ғана бұл көрсеткіш 91 процент шамасында болатын. Одан бөлек Германия, Франция мен Испанияда ДА үнді штамының ошақтары тіркелген. Кеше ғана коменданттық сағатты алып тастаған Италияның өзінде әр бесінші науқастың осы Дельтаны жұқтырғаны белгілі. Португалияда да қазір деректердің 96 процентінде үнді штамы анықталып жатыр.

Мариана Виейра Да Силва, Португалия Министрлер кабинетінің баспасөз хатшысы:

– Қазір ел астанасы Португалияда негізінен коронавирустың Дельта штамы анықталып жатыр. Сондықтан карантиндік ережелерді күшейтуге мәжбүрміз. Осы ретте демалыс күндері астаналық аймаққа кіріп-шығу шектеледі.

МАМАНДАР РЕСЕЙДЕ ҚАЗІР КОРОНАВИРУСТЫҢ ҮШІНШІ ТОЛҚЫНЫ БАСТАЛҒАНЫН АЙТАДЫ

Кейінгі тәулікте мұнда 17 378 жаңа дерек расталды. Сарапшылар эпидемиологиялық ахуалдың ушығуының бір себебі үнді штамымен байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Мәселен, Мәскеуде қазір науқастардың шамамен 90 процентінде осы Дельта анықталып жатыр. Ауруханаға түсіп жатқандар арасында, әсіресе жастар көп. Қала басшысы екпе қабылдағандарына көп уақыт өткен тұрғындарға қайтадан вакцина салдыру қажет болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Сергей Царенко, Мәскеу қалалық Клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазір вирус бұрынғыдан да жылдам тарап барады. Сондай-ақ науқастардың жағдайы де тез нашарлап кететін болды. Мәселен, ем-домға қарамастан компьютерлік томография нәтижесі бірнеше күн ішінде емханаға түскен адамның ауруы бірінші деңгейден бірден төртінші деңгейге өтіп кеткенін көрсетеді.

САРАПШЫЛАР:«СПУТНИК V» ВАКЦИНАСЫ КОРОНАВИРУСТЫҢ БАРЛЫҚ МУТАЦИЯЛАРЫНАН ҚОРҒАЙДЫ

Мамандар үнді штамының тез тарауымен қатар науқастың жағдайы да санаулы сағатта нашарлап кететінін айтады.

Кейбір белгілері тұмауға ұқсас. Бірақ әдеттегі тұмауға тән емес тағы 4 симптомы бар. Атап айтқанда, науқаста іш өту, есту қабілетінің нашарлауы, асқазан ауруы мен қанның ұюы сияқты белгілер пайда болуы мүмкін.

Александр Гинцбург, Н.Ф. Гамалея атындағы зерттеу орталығының директоры:

– Дельта – қауіпті штамм. Ол біздің жасушаларымызға басқаша әсер етеді. Үнді штамы індеттің жеңіл формадан ауыр түріне өту уақытын қысқартады. Сондықтан адамда антиденелер қалыптасып үлгермейді. «Спутник V» вакцинасы коронавирустың барлық мутацияларынан қорғайтынын айта кеткен жөн.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері де қазіргі вакциналар коронавирустың барлық штамдарынан қорғайтынын айтады. «Бір айта кетерлігі - әр екпенің тиімділігі әр түрлі болады»,– дейді мамандар. Бірақ, қалай болғанда да, сарапшылар қолда бар препараттар вирусты жұқтырудан қорғамаған күннің өзінде де, індеттің ауыр формада өтуі мен өлімнің алдын алуға көмектесетінін айтады.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева