Қытайда криптовалютаға шектеу салынды

Қытайда екінші деңгейлі банктер мен Alipay төлем жүйесі криптовалюта саудасымен байланысты қызметтер көрсетпейтін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің Орталық банкісі осындай тапсырма жариялады. Бірнеше өңірде ірі майнинг орталықтарын жапты. Қытай үкіметі қабылдаған шаралардың салдарынан биткоин бағасы төмендеп кетті.

Сычуань өңірінің билігі өз аумағында майнинг орталықтарының жұмысына тыйым салды. Шыңжан, Ішкі Моңғол және Юньнан провинцияларында да осындай шара қабылданды. Осы аймақтарда Қытайдағы криптовалютаның 90%-тен астамы өндірілетін. Осыдан кейін Орталық банк екінші деңгейлі банктер мен Alipay төлем жүйесіне виртуалды ақшаны саудалауға тыйым салды.

Кейбір банк және төлем ұйымдарымен криптовалюта саудасы жөнінде кездесу бойынша Қытай халық банкінің мәлімдемесі, 2021 жылдың 21 маусымы:

- Виртуалды валюта нарығындағы алыпсатарлық қаржылық-экономикалық тәртіпті бұзады, заңсыз шекарааралық аударымдар, ақшаның ізін жасыру мен өзге де заңсыз әрекеттер қаупін туындатады және азаматтардың мал-мүлкінің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Барлық банк пен төлем ұйымдары тұтынушыларын сәйкестендіру бойынша міндеттемелерді орындауы тиіс.

Сарапшылардың есебінше, бір жылда криптовалютаны өндіруге кететін энергия сол мерзімде бүкіл Аргентина тұтынатын электр қуатынан асып түседі. Сол себептен өңірлерде енгізілген шектеу ең алдымен майниг компанияларын электр қуатынан ажыратумен байланысты болып отыр.

Цюй Цян, Халық университеті халықаралық қаржы институты директорының орынбасары:

- Биткоин, догикоин мен өзге де криптовалютаның жалпы бір ұқсастығы бар. Оны ешбір үкімет немесе орталық банк бақыламайды. Егер әлдебіреу осы валютаның үлкен бір бөлігіне ие болса, көптеген астыртын әрекет жасауы мүмкін.

2013 жылы жергілікті билік биткоинды валюта ретінде емес, виртуалды тауар ретінде таныған болатын. Сондықтан инвесторларға криптовалютаны сақтап, саудалауға тыйым салынған жоқ. Ал өзге әрекет жасау заңсыз. Қытайда қабылданған шектеулердің салдарынан биткоин мен өзге де криптовалюталардың бағамы төмендеді. Ал Орталық банк тұрғындарға заңды цифрлық ақша – вируталды юаньды қолдануды ұсынып отыр. Қазірдің өзінде оны кейбір банкоматтарда нағыз ақшаға ауыстыруға болады.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева