Иракта сынап бағанасы 45 градусқа жетті

Ресейде аптап ыстық рекордтық көрсеткішке жетті. Мәскеуде қауіптіліктің жоғары деңгейі әлі сақталады. Санкт-Петербургте бір айда бесінші рет рекорд жаңарды. Көрші елде кондиционерге деген сұраныс күрт артты. Ал ауа температурасы 45 градусқа дейін көтерілген Иракта жұрт бұл құрылғыны қоса алмайды. 

Санкт-Петербургте кеше ауа температурасы 33,5 градусқа дейін көтерілді. Бұл 104 жылдық метеобақылау тарихында болмаған көрсеткіш. Шыжыған ыстыққа шыдамаған жұрт жаппай су жағасына лап қойған.

Жағажайдағы жұрттың сақтық шараларын сақтап жатқаны шамалы. Ал шаһардағы эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Кейінгі тәулікте мұнда коронавирустан 93 адам көз жұмған. Бұл пандемия басталғалы тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Сарапшылар халықтың сақтыққа салғырт қарауы ахуалды одан бетер ушықтырып жібере ме деп отыр.        

Тимур, жергілікті тұрғын:

- Мен коронавируспен ауырғам. Антиденелерім бар. Сондықтан ештеңеге алаңдамай демалып жатырмын. Басқаларының да осылай істегені дұрыс болады деп ойлаймын. Ауа райы тамаша. Су жағасында демалғанға не жетсін. 

Мәскеуде аптапқа байланысты қауіптіліктің қызғылт-сары деңгейі сақталады. Кеше ауа температурасы 33,7 градусқа дейін көтеріліп, рекорд орнады. Метеорологтар күн әлі ыстық болатынын болжап отыр. Дәрігерлер су жағасында көптеп жүрген тұрғындарды сақтық шаралары жайлы ұмытпауға шақырады. Мұнда да Санкт-Петерургтегідей коронавирусқа қатысты кісі өлімі бойынша антирекорд тіркелді. Жалпы ауа райына байланысты Ресейде кондиционерлерге деген сұраныс былтырмен салыстырғанда 91 процентке артқан.

Иракта температура 45 градусқа дейін жетті. Алайда халықта кондиционер болса да құрылғыны қосу қиындаған. Өйткені қарулы қақтығыс салдарынан жергілікті инфрақұрылымға айтарлықтай нұқсан келген. Соған байланысты кейбір өңірде электр энергиясы күніне ары кетсе 12 сағат беріледі. Сондықтан ел астанасы Бағдадтың кішкентай тұрғындары Тигр өзеніне түссе, ересектер қала орталығында орнатылған желдеткіштердің жанынан сая табуға мәжбүр.

Сабах Абдул Хассан, жергілікті тұрғын:

- Мен қала орталығына сауда жасауға келдім. Үйде жарық жоқ. Соңғы 16 жыл бойы осындай жағдайда өмір сүріп келеміз. Сондықтан мына жердегі құрылғыларды көріп, кішкене салқындап алайын дедім.

Жалпы Иракта былтыр жазда температура 50 градустан асып кеткен еді. АҚШ-та да таяуда ұқсас жағдай болды. Калифорнияның Ажал алқабында 53 градус тіркелген. Қазір ыстық сәл де болса басылған, алайда штатта орман өрті ырық бермей тұр.

Автор: Жұлдыз Атагельдиева