424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Дельта» штамы Еуропаның бірнеше елінде дүрбелең туғызды

  • 149
  • UPD: 21:11, 24.06.2021

«Дельта» деп атау берген коронавирустың үнді штамына қатысты қауіп күшейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індеттің бұл түрі адамға өте тез жұғады, әрі тез тарайды.

Жұқпалы дерт қазір Үндістаннан бөлек Еуропаның бірнеше елінде дүрбелең туғызды.

«Дельта» штамы Еуропада күн өткен сайын кеңінен етек жайып барады. Қазір Ұлыбританияда вирус жұқтыру деректерінің 98%-і дәл осы дертпен байланысты. Он шақты күн бұрын ғана бұл көрсеткіш 91% шамасында болатын. Германия мен Испанияда да үнді штамының ошақтары тіркеліп жатыр. Жуырда ғана коменданттық сағатты алып тастаған Италияда әр бесінші науқас «Дельта» дертіне шалдыққан. Португалия тіпті індеттің төртінші толқыны басталып кетті ме деп қауіптеніп отыр. Бәрі «Дельтаның» кесірі. Қолда бар дерек бойынша қауіпті инфекцияға шалдыққан тұрғындардың 60%-інен үнді штамы табылған. Осыған байланысты билік өкілдері халыққа вакцина салуды күшейтті. Ол үшін тіпті Лиссабондағы университеттік стадион уақытша вакциналау орталығына айналды. Тұрғындарға тезірек екпе егу үшін әскерилер де тартылған.

Марселу Ребелу де Соуза, Португалия президенті:

- Қолға алынып жатқан шаралар аса маңызды. Уақыт өте тығыз. Сондықтан бізге әскерилердің көмегі қажет.

Францияда да «Дельта» төңірегіндегі ахуал біртіндеп күрделеніп келе жатқандай. Өткен аптада дельтаның шырмауына түскендер қатары 2-4%-ті құраса, қазір бұл көрсеткіш 2,5 есе жоғары. Бұл туралы Франция үкіметінің ресми өкілі Габриэль Аттал хабарлады. Сондықтан билік өкілдері тұрғындарды вакцина қабылдауға шақырып жатыр.

Габриэль Аттал, Франция үкіметінің ресми өкілі:

- Бүгінде Франция бойынша «Дельта» штамын жұқтыру көрсеткіші 9-10%-ті құрайды. Салыстырмалы түрде бұл АҚШ пен Германиядағы жағдаймен бірдей деуге болады.

Германиядағы көрсеткіш расымен де Франциямен шамалас. Жергілікті Ауруларды бақылау агенттігінің мәліметіне сәйкес «Дельта» штамына шалдыққандардың қатары 15% төңірегінде боп тұр. Коронавирустың бұл түрі тым тез таралатындығына байланысты ел билігі бұған дейінгі шаралардың бәрі насырға кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Канцлер Ангела Меркельдің сөзінше, тек Германия емес бүкіл кәрі құрлық елдері жар жағасында тұр. Десе де, қарқынды жүріп жатқан вакциналаудың арқасында вирус жұқтыру деректері азаятынына сенім білдірді.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Бәрімізде коронавирус пандемиясы аяқталады деген үміт болғанымен, індет әлі де жалғасып жатыр. Германия, жалпы Еуропа елдері жар жағасында тұр. Сондықтан мейлінше сақ болуымыз қажет. Еуроодақ елдері індет өршіп тұрған аймақтардан келетін жиһанкездерге қатысты ортақ әрекет етуі тиіс.

***

Тамызға қарай науқастардың 90%-і «Дельта» штамымен ауыруы мүмкін

«Дельтаның» таралуы осылай жалғаса берсе, тамыздың соңына қарай бүкіл Еуроодақ аумағындағы науқастардың 90%-і «Дельта» дертімен ауырады деген қауіп бар. Санитарлық ведомстволар қазірден осындай ескерту жасады. «Сондықтан халықты вакциналау жағын мейлінше үдете түсу керек», - дейді Еуропадағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығының басшысы Андреа Аммон.

Цитата:

Андреа Аммон, Еуропадағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығының басшысы:

- Осы жазда «Дельта» штамының кеңінен етек жаю қаупі өте жоғары. Әсіресе,вакцина алмаған жастар арасында.

Хабар 24 телеарнасы