Анкарада түркітілдес мемлекеттер тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланды

Дүбірлі мереке құрметіне Түркия президенті симфониялық оркестрі залында концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдени шараға ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің өкілдері, дипломатиялық миссия басшылары қатысты. Алғашқы болып Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Бейбіт Мұсаев қазақтың домбырасын күмбірлетті. Кейін ұлттық аспаптармен бауырлас елдердің танымал әндері орындалды. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстанның танымал дирижерлері онлайн форматта концерт беріп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Дүйсен Қасейінов, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

- ТҮРКСОЙ – түркі елдері тәуелсіздік жариялағаннан кейін құрылған тұңғыш мәдени ынтымақтастық ұйымы. Одан кейін Түркі кеңесі, ТүркПА, Түркі Академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорымен қуаттанып, саяси тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Осылайша, Түркі дүниесінде ынтымақтастық одан әрі беки түсті. Ұйымымыз құрылған күннен бастап, күллі дүниеге салт-дәстүрімізді паш етіп келеді. Міне, бүгін тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлап отырмыз. Бауырлас елдерді төл мерекелерімен құттықтаймын.