Ауғанстанның әскерилері Өзбекстан шекарасынан ішке өтіп кетті

Маусымның 23-і күні ауған шекара әскерлерінің қару асынған 53 қызметкері мен жергілікті жасақ жауынгерлері Шортеп уезі ауданына өткен.

Бұл жөнінде көрші елдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, тиісті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін Ауғанстан азаматтары елдеріне қайта жіберілді. Өзбек тарапы мемлекеттік шекараны бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылданатындығын ескертті. Қазір іргедегі көршілеріміз Ауғанстандағы, оның ішінде шекаралас солтүстік провинциялардағы әскери-саяси жағдайдың дамуын мұқият қадағалап отыр. Тіпті әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігі тексеріле бастады. Жоспардан тыс тексерісті Өзбекстанның қорғаныс министрі Баһадүр Құрбановтың өзі жүргізуде. Ведомство басшысы әуе қорғаныс бөлімдері мен әскери әуе күштерінің дайындығын қадағалауда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тәліптер Тәжікстан шекарасының маңында орналасқан «Шерхан-Бандар» комиссариатын басып алған. Ал шабуылға тойтарыс бере алмаған 134 ауған әскериі Тәжікстан аумағына өтіп кеткен.