Франция: Босқындар баспана сұрайды

Париждің орталығындағы қала әкімдігі маңында баспанасыз мигранттардың шатырлары тігілді.

Акция босқындарды қолдау үшін ұйымдастырылды. Мигранттар билік баспанамен қамту мәселесін шешпейінше, лагерьде қала беретінін айтады. Париж мэриясының алдында мигранттар үшін құрылған лагерьге 300 адамдай орналасқан. Дені Африкадан жақсы өмір іздеп келген көпбалалы отбасы. Франция жеріне табан тірегендеріне 1 жылдай уақыт өтсе де тұрғын жайы жоқ.

Сату Мауро, Кот-Д-Ивуарлық босқын:

– Тұрақты қонысымыз жоқ. Бір апта бір жерді паналасақ, екінші апта басқа жерге көшіп жүрміз.

Мариам Сумару, Кот-Д-Ивуарлық босқын:

– Көше кезгенімізге қанша уақыт болды, не істейтінімізді білмейміз. Қазір Сарсель қаласындағы базарда ұйықтап жүрміз, кей кезде метроны паналаймыз.

Абделькадер, Сомалилік босқын:

– Мен Францияны екінші отаным деп санаймын. Мұнда жаңа өмір бастайыншы деген ниетпен келген едім. Бірақ әлі күнге дейін тұратын жерім жоқ.

Ресми дерекке қарағанда, Париж көшелерінде 3 мыңға жуық мигрант өмір сүреді. Бірақ шындығында олардың саны бұдан көп. Баспанасыз мигранттар үшін әлеуметтік қабылдау орындары жұмыс істегенмен, үнемі орын жетіспейді. Сондықтан шараны ұйымдастырушылар биліктен мәселені шешуді сұрап отыр.

Николай Поснер, «Utopia 56» қауымдастығының үйлестірушісі:

– Францияда көшеде қаңғып қалған кез-келген азамат мемлекет есебінен баспанамен қамтамасыз етілу керек делінген. Мемлекет осы міндетті орындауға қауқарлы болуы тиіс. Бірақ билік бұл талапқа көңіл бөліп отырған жоқ. Біз үкіметтен заңды сақтауды сұраймыз.

Қала әкімдігі алдында шатыр тігіп, наразылық таныту зая кетпеген сияқты. Алғашқы күннен кейін шаһар әкімшілігі аймақ басшылығына хабарласып, мәселені шешуді сұрады. Шараны ұйымдастырушылар босқындардың жуық арада баспаналы болатынына сенімді.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан