Грузияда көше кезген хайуандарға вакцина салынады

Грузияда көше кезіп жүрген жануарларды өлтірмейді.

Олардың санын реттеудің жалғыз әдісі - ұрықсыздандыру. Мәселен биыл алты айда жануарлар мониторингі мемлекеттік агенттігі алты мыңдай операция жасаған. Алайда бұл тым аз, өйткені қалада қаңғыбас иттер әлі де көп көрінеді. Соңғы бес жылда Тбилисиде қаңғыбас иттер саны 43 мыңға артты. Ал мысықтарды ешкім де санамайды. Қала әкімшілігі қараусыз жануарлардың қаптауына алаңдап отыр.  

Ника Кобуладзе, Жануарлар мониторингі агенттігі директорының қызметін атқарушы:

Біздің мақсат - жануарлар санын бақылап, оларды қорғау. Сондықтан ұрықсыздандыруды қолданамыз. Екіншіден, құтыру ауруының таралу қаупін барынша азайту үшін вакцина саламыз.  

Грузияда қабаған иттерді атпайды. Олармен кинологтар жұмыс істеп, жаңа ие табуға тырысады. Соңғы жарты жылда жергілікті тұрғындар 240 хайуанды асырап алған.  

Александр - осындай жанашыр жандардың бірі. Ол көшеде қалған күшікті асырап алды. Енді ит пен иесі бір-бірінен ажырамайды. 

Александр Немецкий, Тбилиси қаласының тұрғыны :

Күшік өте әлсіз еді. Оған көмек қажет болды. Сондықтан далада қалдыра алмадым.Тамағы мен суын беріп, күттім. Батура деп ат қойдым.

Алайда қарауындағы ит-мысығын көшеге тастайтындар да көп. Осыған байланысты үкімет үй хайуанаттарына қатысты жаңа заң қабылдауды көздеп отыр. 

Тинатин Чавчанидзе, Жануар құқығын қорғау комитетінің жетекшісі:

Жануарлар мен иелерін тіркеу маңызды. Сонда далаға тастамайды, зиян келтірмейді. Тағы бір маңызды шарт ұрықсыздандыру. Яғни иесі осындай жануарды сатып алуы керек. Өзге елдерде арнайы компаниялардың ғана үй хайуандарын көбейтуге құқығы бар.

Іс жүзінде билік осы бағытта белсенді жұмыс жүргізбейді. Елде жануарларды есептеп-бақылайтын база құрылған жоқ. Ит-мысықтың санын реттеу ережелері жөніндегі заң жобасы парламентте бес жыл бойы қаралып жатыр. 

Авторлары: Юлия Тужилкина