Канар аралдарының жағалауында 300-ге жуық мигрант құтқарылды

Испанияның жағалау күзеті 300-дей мигрантты құтқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында кәмелетке толмаған 30 шақты бала бар. Теңізшілер адамға толы жеті қайықты Гран-Канария аралының маңында байқап, көмекке барған.

Айта кетейік, Канар аралдары Солтүстік Африкалық мигранттардың Еуропаға жететін негізгі транзиттік жолы. Пандемияға қарамастан Кәрі құрлыққа аттанғандардың нөпірі толастар емес. Құтқарылғандар босқындарға арналған лагерьлерде бос орын болмағандықтан, уақытша баспанаға орналастырылды. Оларға дәрігерлер мен психологтар көмектеседі. Жалпы жыл басталғалы Канар аралдарына 6 мың заңсыз мигрант келген. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп.