Ұлыбританияда фаст-фуд жарнамасына шектеу енгізіледі

Ұлыбритания кешкі уақытқа дейін теледидарда фаст-фуд өнімдерін жарнамалауға тыйым салмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет семіздік дертіне қарсы осындай шара қолдануды жөн көріп отыр. Бұл шектеулер ғаламтордағы үгіт-насихатқа да қатысты.

Ғалымжан Қарманұлы, тілші:

- 2019 жылы 16 жасқа дейінгі балалар ғаламторда зиян тағамдардың жарнамасын 15 миллиард рет көрген. Бұны тыйымдар енгізу бойынша үкіметтік кеңес есептеп шығарыпты. Сондықтан фаст-фуд өнімдерін тек теледидарда емес, ғаламторда да шектеу жоспарланып отыр. Әлеуметтік желілерде және іздестіру жүйесінде кешкі 21:00-ге дейін құрамында майы, қанты және тұзы көп өнімдерді насихаттауға рұқсат етілмейді.

Хелен Уэйтли, Ұлыбританияның әлеуметтік қамтамасыз ету министрі:

- Ересектердің жартысынан астамы, ал 6-сыныпты бітірген 5 оқушының біреуінде артық салмақ бар. Бұл денсаулық сапасын нашарлатады. Егер семіздікке шалдыққан адам ковид жұқтырса, оның өліп кету қаупі де жоғарылайды.

Британия үкіметінің жаңа бастамасы әлемдегі ең қатал маркетингтік шектеулер деп аталып отыр. Нәтижесінде жергілікті телеарналар мен ғаламтор жыл сайын 600 миллион стерлинг фунтынан қағылатын түрі бар. «Өнім өндірушілер де, жұмысшылар да зардап шегеді», - дейді мамандар.

Тим Райкрофт, Тамақ және сусындар федерациясының директоры:

- Тағам өнімдерін және сусындар шығаратын британиялық өндірушілерді Үкімет пандемия кезінде ұлтты ауқаттандырған қаһармандар деп мақтаған еді. Бұл салада жарты миллион халық еңбек етеді. Енді олар жұмыссыз қалуы мүмкін. Экономика дағдарыстан кейін есін жия бастаған уақытта мұндай шектеулер енгізу артық деп есептеймін.

Қызметкерлерінің саны 250 адамнан аспайтын шағын кәсіпорындарға жаңа заңның қатысы жоқ. Бал және зәйтүн майы сияқты табиғи өнімдердің жарнамасына да тыйым салынбайды. Жаңа шектеулер келер жылдың соңында күшіне енеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы