424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда атышулы «Ыстамбұл» каналының негізі қаланды

  • 100
  • UPD: 16:52, 29.06.2021

Түркияда Қара және Мәрмәр теңіздерін жалғайтын каналдың құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасанды бұғаз Босфорға балама ретінде қолданылмақ. Бұл жоба туралы алғаш 90 жылдардың басында айтылған еді. Алайда жоба құнының жоғары болуына байланысты бұл іс аяқсыз қалған. Ресми Анкара наурыз айында жаңа құрылыс жоспарын бекітіп, алты жылда іске қосылатынын мәлімдеді.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Босфор бұғазына балама жол жасау туралы алғашқы әңгімелер сонау XVI ғасырда Османлы императорлығы тұсында айтыла басталған. Дегенмен, ол кезде құрылыс бастау үшін мүмкіндіктер шектеулі болып, бұл іс аяқсыз қалды. Араға бірнеше ғасыр салып, түркиялықтар тың жобаны қайта қарастырып, каналдың құрылысын бастағысы келетінін он бір жыл бұрын жариялады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- «Ыстамбұл» каналы жобасын қолға аламыз деп осыдан 11 жыл бұрын хабарлаған едік, халқымыз бөркін аспанға атты. Өкінішке қарай, осы күнге дейін Түркияның ішкі және сыртқы саясатында қиындықтар болып, салдарынан жобаның құрылысы уақытша тұралап қалды.Енді бүгін көпірдің негізін қалау үшін кездесіп отырмыз.

«Ыстамбұл» каналы Кучукчекмеже, Авжылар, Башакшехир және Арнавуткөй аудандары аумағынан өтпек. Оның ұзындығы 45 шақырым, тереңдігі 21 метрге жуық. Жасанды бұғаздың үстіне 6 көпір орнату жоспарланған. Каналдың жағалауында заманауи тұрғын үйлер тұрғызылып, метро желісі салынбақ. Әзірге жобаны кім қаржыландыратыны белгісіз.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Бұл канал әлемдегі ең экологиялық жоба болмақ. Оның құрылысына шамамен 15 миллиард доллар жұмсалады. Бұл істі 6 жылда аяқтау көзделіп отыр.

«Ыстамбұл» каналынан өту ақылы болмақ. Түрік билігі жаңа су жолының Босфор бұғазындағы кептелісті түбегейлі шешетініне сенімді. Алайда жаңа каналдың пайда болуы Босфор мен Дарданелл бұғаздарының мәртебесі туралы Монтре конвенциясына қайшы болуы ғажап емес. Бұл келісімде азаматтық кемелер түрік бұғазынан ақысыз өтеді деп жазылған. Бірақ осы құжат Қара теңіз жағалауы мемлекеттерінің қатарына кірмейтін елдердің әскери кемелерінің мүмкіндігін шектеп отыр.

Түркияда Ыстамбұл каналына қатысты пікірталас қоғамды екіге бөлді. Бірі қолдаса, екіншісі жобаға қарсы. Түрік оппозициясының пікірінше, канал құрылысы Ыстамбұл экологиясын бұзып, 16 миллиондық қаланы сумен қамтамасыз етуде қиындықтар тудырырады. Сондай-ақ ауыл шаруашылық жерлерін жарамсыз етуі де мүмкін.

Экрем Имамоғлұ, ыстамбұл қаласының мэрі:

- Бұл аймақ бетонға айналған. Демография мен урбанизациясы күннен күнге дамып келе жатқан Ыстамбұл үшін су қоймасы, ауылшаруашылық жерлері мен тыныс алу кеңістігі өте маңызды. Ыстамбұл Түркияның ірі мегаполисі ғана емес, бұл қала әлемнің көзайымына айналған алып шаһар екенін қаперімізден шығармауымыз қажет.

Бірқатар үкіметтік емес ұйым канал құрылысына қарсы шығып, тіпті наразылық шеруін ұйымдастырған. Олардың пікірінше, канал құрылысы көптеген табиғи апатқа жол беруі мүмкін.

Некати Хендер, шеруші:

- Сейсмолог ғалымдар құрылыстың жер сілкінісін тудыруы мүмкін деп ескертеді. Мәрмәр және Қара теңіздерінің тепе-теңдігі бұзылатынын да айтып отыр.

Түрік билігі жобаның мамандар тарапынан жан-жақты зерттеп-зерделегенін айтады. Елдің тасымал және инфрақұрылым министрінің сөзінше, Ыстамбұл каналы Босфор бұғазынан 13 есе қауіпсіз болмақ.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы