424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египет барлық санитарлық шектеуді алып тастады

  • 105
  • UPD: 22:26, 29.06.2021

Мысыр елі қалыпты тұрмысқа көшті. Бүгіннен бастап елде қатаң шектеулер алынды. Атап айтқанда, барлық ойын-сауық мекемелері және мұражайлар мен тарихи кешендер ашылады. Осыған дейін оларға тек шағын топ кіргізілетін, ал экскурсияға ай бұрын жазылуға тура келген.

Ел билігі кафе мен мейрамханалар маусым айының басында ашылатынын мәлімдеген еді. Алайда Египеттегі эпидахуал тұрақталмағандықтан бұл мекемелер бір мезгілде жұмысын бастай алған жоқ. 

Кахраба Айман, дәмханалар желісінің иесі:

- Маусымның басында ашылуға тиіс едік. Алайда бұл күндері коронавирусты жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп кетті. Оған қоса елде ковидтің жаңа штамдары тарай бастады. Мұның бәрі мекемелердің ашылуын қиындатып жіберді. Тек мемлекеттің қаржылық қолдауына ие ең тұрақты орындар жұмысын бастады. Жекеменшік компаниялар індет толқынының басылуын күтті.

Жұмысын бастаған дәмханаларда келушілердің саны 70 проценттен аспауы тиіс. Алдағы күндері мешіттер мен шіркеулер де ашылады деп жоспарланып отыр. Осыған дейін ғибадатханаларға бару қатаң ережелермен шектелген еді, ал кейбіреуі айлап жабық болған. Алайда оппозиция үкіметтің бұл қадамына қарсы шықты.

Акрам Гомаа, қоғам белсендісі:

- Осыдан бір апта бұрын үкімет тамыз айында індеттің жаңа толқыны келетінін ескерткен. Ал бірнеше күн өтісімен билік толығымен шектеулерді алып тастады. Бұл дұрыс па? Иә, бизнес тұралап қалды, бірақ қазір ең алдымен ақшаны емес, халық денсаулығын ойлау керек. Қоғам белсенділері осындай немқұрайлыққа қарсы қол жинай бастады. Егер билік құлақ аспаса, келесі аптада наразылық шараларын өткіземіз.

Осындай сынға жауап ретінде Египет депутаттары екі дерек келтірді. Біріншісі коронавирус жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Екіншісі былтырғы жылдың қаржылық есебі. Мемлекет қазынасына қомақты сома құятын туризм табысы 2020 жылы 70 процентке азайып кеткен. Ал үкімет жазғы маусымда шипажайларды ашпаса, бұл көрсеткіш 84 процентке жетер еді.

Светлана Брахмит, Амир Мурад

Хабар 24 телеарнасы