Жаңа Зеландияда табиғат тосын мінез танытты

Жаңа Зеландияда қатты жел тұрып, қар аралас жаңбыр жауды. Күн райының күрт өзгеруіне байланысты кей аудандарда төтенше жағдай жарияланды. Мектептер жабылып, әуе рейстері кейінге шегерілді. Мексика халқы да теңізден соққан дауылдың зардабын тартып отыр. Ал АҚШ-та керісінше күн шыжып тұр.

Бүгін Жаңа Зеландияда ауа райы тосын мінез танытты. Антарктикадан соққан суық желден күн күрт суытып, аймақта қар аралас жаңбыр жауды. Таңсәріден шелектеп құйған жауын осылайша жаңа зеландиялықтарды біраз әбігерге салды. Ел астанасы Веллингтонда жолдар жабылып, әуе рейстері кейінге шегерілді. Теңіздің тасуынан кемелер де тоқтады. Енді күн қабағы жақын арада жайдары мінез танытпаса, жағалауға жақын тұратын тұрғындар түгел қауіпсіз жерге көшірілмек. 

Мексикада да буырқана соққан теңіз толқындары тұрғындардың үрейін қашыра бастады. Себебі табан астынан асып тасыған Энрике дауылы Наярит пен Халиско штаттарында ойран салады деген қауіп бар.

Синоптиктердің айтуынша, толқындардың биіктігі 8 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұған қоса 46 сантиметрге дейін ылғал түсіп, оның арты су тасқыны мен лай көшкініне ұласады деген болжам бар.

Маргарита Мендес, Ұлттық метеорологиялық қызметінің бас үйлестірушісі:

- Энрике тропикалық дауылға айналады деп отырмыз. Десе де, ендік бойынша ұлғая берсе, ол көп ұзамай басылады. Өйткені төменгі Калифорнияға жақындаған сайын ол суық сумен байланысқа түседі.

Ал АҚШ-та аптап ыстық елдің есін шығарып жатыр. Бірнеше күннен бері Портленд пен Сиэттлде сынап бағанасы 40 градустан төмендемей тұр. Бұл аталған аймақтар үшін рекордтық көрсеткіш. Індет уақытында жұрт вирустан емес, күннен қорғанудың қамына кіріскен. Бірі су бойын жағалап, жан бақса, енді бірі желдеткіші бар орталықтарға келіп, салқын сусынмен ыстығын басуда.

- Дала өте ыстық. Сондықтан салқындағысы келген азаматтар үшін арнайы шатыр орнатып, сусындар қойдық.

Калифорнияда шыжыған күннен орман алқаптары отқа оранып жатыр. Жалын 800-ден астам гектар жерге таралып үлгірген. Десе де, өрт елді мекендерге қауіп төндіріп тұрған жоқ. Тек тас жолдағы көлік қатынасына әсер еткен. Ал Коста-Рикада жанартау атқылады. Қою түтін 2 шақырым биіктікке көтерілген. Осыған байланысты төтенше жағдай қызметі тұрғындарды сақ болуға шақырып, жанартауға жақын нысандардың қауіпсіздігін тексеруге көшті.