424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

1 шілдеден бастап Үндістанда жануарларды ПТР-тестілеу міндеттеледі

  • 95
  • UPD: 20:39, 30.06.2021

Коронавирус хайуандарға да жұқты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үндістандағы Тамилнад штатында бірнеше арыстан өліп, тағы 9-ы ажал аузында жатыр. Ел аумағында 129 хайуанның ковид жұқтырғаны анықталды.

Алғаш болып Ченная қаласының шетіндегі хайуанаттар бағындағы Аннули есімді арыстан өлді. Жануардан COVID-19 белгілері байқалмаған. Осыдан кейін ветеринарлар барлық жыртқышты тексеріп, тоғызынан коронавирус анықтады. Ал бүкіл ел аумағында қауіпті дертті ондаған арыстан, жолбарыс пен піл жұқтырған. Үкімет шұғыл түрде барлық пілді вакциналауды бұйырды. Қазіргі кезде 46 алып жануарға екпе салынды.

Дхиан Мирса, ветеринар:

- Бізге тек бір сұрақ қояды: халықтың жағдайы нашар болып тұрғанда хайуандардың қамын ойлау дұрыс па? Бұған адамдардың артынан жануарлар жаппай қырылса, Үндістанның ақыры келеді деп жауап беремін. Біз үшін тіршілік иесінің бәрі қасиетті!

1 шілдеден бастап Үндістанда жануарларды ПТР-тестілеу міндеттеледі. Ірісімен шектелмей, ұсақтарын да тексереді. Ал Раджастан штатында 80 мың егеуқұйрық тестіленген. Өңірде кемірушілердің бұл түрін қайтыс болған туыстарының реинкарнациясы деп санайды.

Саня Маллешвари, Мумбаи қаласындағы хайуанаттар бағы директорының орынбасары:

- Мемлекеттен дәрі-дәрмек пен тесттер және қажетті құрал-сайманды сатып алуға қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ апта басында халықтан демеу сұрадық. Әрине, адамдардың өздері де қазір қиналып жүргені анық, десе де, зообағымыздың есепшотына бір ай бойы жануарларымыздың денсаулығын сақтауға жететін ақша түсті.

Белсенділер хайуанаттар бақтарында қатаң карантин орнатып, ешкімді кіргізбеуді талап етіп отыр. Үкімет өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Ал ахуал нашарлайтын болса, әлемге танымал ветеринарларды елге шақыруға уәде берді. Қазірдің өзінде АҚШ пен Австралияның ірі хайуанаттар бақтарымен бұл жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Михаил Зейфман, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы