424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Францияда коронавирустың төртінші толқыны басталуы мүмкін – сарапшылар

  • 116
  • UPD: 20:42, 30.06.2021

Коронавирустың төртінші толқыны басталуы мүмкін. Бұл Франциядағы жағдай. Мұндағы мамандар әлден қауіптеніп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені «Дельта» штамы бой бермей барады.

Қазір әсіресе, Латын Америка елдеріндегі эпидемиологиялық жағдай күрделі. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары адам ағзасындағы ауруға қарсы антиденелер болса да, вакцина алудың маңызы зор екенін айтады.

Әлемде өткен бір аптада ғана 2 млн 600 мың адам коронавирус жұқтырған. Тағы 57 мың науқас осы аурудан көз жұмды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының орта есебімен күніне 370 мың адам індеттің ілмегіне ілінеді екен. Әсіресе, Латын Америкадағы ахуал көңіл көншітпейді. Ең көп науқас Бразилияда анықталған. Онда тәулігіне 65 мыңға жуық тұрғынға коронавирус диагнозы қойылды. Мамандардың зерттеуі бойынша пандемия басталғалы бразилиялықтардың өмір сүру ұзақтығы 2020 жылы 1 жыл 3 айға, ал 2021 жылы 1 жыл 8 айға қысқарған.

Чилиде де індет тез жайылып барады. Күні кеше ғана 2 мың адамнан вирус анықталған. Мамандар екпе егу науқанының бірізге қойылуына қарамастан шектеу шараларын жеңілдету әлі де ерте дейді.

Хайме Беллолио, Чили үкіметінің ресми өкілі:

- Кей аймақта тұрғындардың 80%-і екпе қабылдаған. Бұған қарамастан халық әлі де абай болу керек. Бірқатар ел билігі маска тағу режимін жеңілдеткенімен, біз мұндай қадамға әлі бара алмаймыз.

Аргентинада да эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Өткен тәулікте 24 мың адам инфекция жұқтырған. Тағы 526 адам бір күнде ковидтің құрбаны болды. Күні бүгінге дейін бұл елде 20 млн-нан астам доза вакцина егілді. 4 млн азамат екпенің екі компонентін де қабылдаған.

Ал Еуропада вирус соңғы 7 күнде 372 мың адамнан табылды. Аурудан 6 мыңнан астам тұрғын көз жұмған. Сарапшылар індеттің төртінші толқыны Францияда басталуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Өйткені бұл елде «Дельта» штамы өршіп тұр. «Ықтимал жаңа толқын оқу жылының басталуына кедергі келтіруі мүмкін», деп топшылаған мамандар істі насырға шаптырмау үшін жаппай екпе егу маңызды екенін айтады.

Арно Фонтане, эпидемиолог:

- Аурудың ауыр түрде өтпеуі үшін вакцина қажет. Сол себептен халықты екпе егуге шақырамыз. Бұл індеттің төртінші толқынын алдын алу үшін де қажет. Денсаулық сақтау саласына ауыртпашылық түспеуі үшін, әрі адам шығынын болдырмау үшін халық жаппай екпе қабылдап қорғануы керек.

Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары адам ағзасында ауруға қарсы антиденелер болған күннің өзінде вакцина қабылдаудан бас тартпауға шақырады. Өйткені зертханаларда жасалған тест нәтижесі иммунитеттің қаншалықты мықты екенін әрі ағзаның ауруға қарсы қалай төтеп бере алатынын дөп көрсете алмайды.

Хабар 24 телеарнасы