Франция билігі вакциналау қарқынын үдетпек

Францияда бүгіннен бастап санитарлық шектеулер алынуға тиіс еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені елде коронавирус жұқтырғандар саны 2 мыңға дейін азайды. Халықтың жартысына вакцинаның бірінші екпесі салынды. Дәмхана, мейрамханалар, кинотеатр, театрларға келушілер санын шектеу күшін жойды. Алайда жағдай әлі де мәз емес. Соңғы аптада билік Ланд департаментіндегі ахуалды мұқият бақылап отыр. Мұнда «Дельта» штамы басым болғандықтан, префектура шектеулерді күшінде қалдырмақ. Ғалымдардың пікірінше, елде індеттің төртінші толқыны басталуы мүмкін.

Арно Фонтане, Пастер институтының зерттеулер жетекшісі:

- Оқу жылы басталысымен ауруды жұқтыру жиілеп кетуі мүмкін. Вакцинаның екі екпесін салу арқылы ауруханаға түсетін науқастар санын 95%-ке азайтуға болады. Осылайша, төртінші толқын кезінде денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпашылық жасамай, талай жанды ажалдан аман алып қала аламыз.

Індеттің төртінші толқыны басталу қаупіне байланысты Францияда вакциналау қарқыны үдей түседі. Ұлттық медицина академиясы екпе салдырмаған азаматтарға ПТР-тестілеуді ақылы етуді ұсынып отыр. Қазір сақтандыру полисіне ие әр адам тексеруден тегін өтеді. Үкімет қыркүйек айында медицина мамандары мен қарттар үйлерінің қызметкерлеріне вакциналауды міндеттейтін заң жобасын ұсынбақ. Айта кету керек, мұндай шара Италияда қабылданған.