Кореядан дельта штамы анықталды

Оңтүстік Кореяда бүгіннен бастап карантиндік шаралар жеңілдетілуде. Алайда бұл шара елдің барлық аймақтарында енгізілмейді. Кёнги провинциясы мен Сеулде әлі де көптеген шектеу бар. 

- Кореяның басқа аймақтарында қандай шектеулер алынып тасталды?

Владислав Цой, тілші: 

- Бүгіннен бастап бүкіл елде карантиндік шаралар жеңілдеуі керек еді. Бірақ Сеулде, Инчхонда және Кёнги провинциясында шектеулерді алып тастаудан бас тартуға шешім қабылдады. Мұнда ойын-сауық орындары кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Бір жерде 4 адамнан артық жиналуға тыйым салынады. Бұл шешім коронавирусты жұқтырғандардың күрт өсуімен байланысты. Сәрсенбіде коронавирустың 759 жағдайы тіркелді. Бұл 23 сәуірден бастап ең үлкен көрсеткіш. Індет жұқтырғандардың 631-і немесе 83 проценттен астамы Сеул мен осы шаһар аймағында тұрады. Оны Сеулде болған оқиғамен байланыстырады. 19 маусымда кафеде алты шет тілі мұғалімі кездескеннен кейін 213 тұрғыннан коронавирус анықталған. Аурулардың алдын алу орталығы бұл жағдайлардың арасында коронавирустың дельта штамы бар адамдар табылғанын айтты. Ауру санының күрт өсуіне байланысты Сеул мэрі астана тұрғындарына үндеу жасады.

О Се Хун, Сеул қаласының мэрі: 

- Карантиндік бақылауды күшейтетін уақыт келді. Ойын-сауық қызметкерлері мен келушілерді көп тексеру керек.

Құрметті Сеул тұрғындары, сіздерден бетперде киіп, қолдарыңызды зарарсыздандыруды сұраймын. Азаматтардың ынтымақтастығы жергілікті экономиканы жандандыратын және барлығының қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғайтын «жеңіске жету» үшін өте маңызды. Вакциналау бойынша жетекші ел болып табылатын Израильде де коронавирустың қайта таралуына байланысты жақында бетперде кию тағы да міндеттелді.  

- Кореяның басқа аймақтарында қандай шектеулер алынып тасталды? 

- Сеул мен Кёнги провинциясында карантинді жеңілдету бір аптаға шегерілді. Жаңа профилактикалық шаралар коронавирустың таралу жағдайына қарай енгізіледі. Жалпы бүкіл ел бойынша төрт деңгейлі әлеуметтік арақашықтық жүйесі енгізілуде, бұған дейін 5 деңгей болған. Сеул аймағында екінші деңгейлі шаралар күшіне енуі керек еді, бірақ кейінге қалдырды. 2-деңгейде, мысалы, 6 адамның қатысуымен кездесуге рұқсат етіледі. Ойын-сауық мекемелері түн ортасына дейін жұмыс істей алады. Сеул мен Кенги провинциясын қоспағанда басқа аймақтарда ең еркін 1-деңгей енгізіледі. Яғни бір жерде 8 адамға дейін жиналуға болады, ал кейбір аймақтарда жиналғандар саны мүлдем шектелмейді. Сондай-ақ жұмыс уақыты шектеусіз, яғни мейрамханалар мен спортзалдар келушілер арасындағы қашықтық кемінде 1 метр болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істей алады. Карантиндік шектеулер туралы пікірлерін білу үшін біз Сеул тұрғындарымен сөйлестік.

Чо Хан Су, Сеул тұрғыны: 

- Көптеген кәсіпкердің жағдайы ауыр. Менің ойымша, көп адамға жиналуға мүмкіндік беру жақсы шешім. Сонымен бірге біз қазір дельта вирустың таралып жатқанын түсінеміз, сондықтан асығудың қажеті жоқ.

Че Мин Су, Сеул тұрғыны:

- Вакцинация жастарға әлі жасалған жоқ. Менің ойымша, біз барлығымыз күзде немесе қыста екпе алған кезде карантиндік ережелер әлсіреп, адамдар еркін жүре алады.

Владислав Цой, тілші:

- Соңғы жағдайлар туралы айтсақ, коронавирусты жұқтырғандардың көбі жастар. Ал олар әлі вакцина салдырмаған. Корейлердің шамамен 30 проценті екпенің алғашқы дозасын алды. Негізінен бұл қарт адамдар мен дәрігерлер. Бүгін 50 жастағы тұрғындарға, сондай-ақ қараша айында колледжге түсу емтихандарын тапсыруды жоспарлап отырған мектеп мұғалімдеріне, орта мектеп оқушыларына екпе егу басталады. Айтпақшы, вакцинаның алғашқы дозасын алғандар бетпердесіз жүре алады, ол үшін оларға арнайы стикер беріледі. Тағы да қайталаймын бұл шара Кореяның Сеул мен астаналық аймақта әлі енгізілген жоқ.