424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәскеуде еңбек мигранттары вакцина салдырып жатыр

  • 117
  • UPD: 17:09, 01.07.2021

Мәскеуде эпидахуал нашарлап барады. Соңғы тәулікте коронавирустан 669 адам көз жұмды. Бұл індет басталғалы ең жоғары көрсеткіш. Бір күн бұрын 650 өлім тіркелген еді. Ресей астанасында еңбек мигранттарына да екпе еге бастады. Әзірге бүкіл ел аумағында 2 вакциналау орталығы ашылды. Шетелдік жұмысшыларға «Спутник-Лайт» препараты егіледі.

Ресейде жаппай вакциналау басталғанына жарты жыл өткеннен кейін еңбек мигранттарына да екпе салу мүмкіндігі туды. Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы бес айында шетел азаматтарына жарты миллионға жуық еңбек патенті берілді. Билік 15 шілдеге дейін қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кем дегенде 60 процентін вакциналауды міндеттеді. 

Сергей Собянин, Мәскеу қаласының мэрі:

- Мәскеуде жүздеген мың еңбек мигранты бар, сондықтан бұл мәселені шешу қажет болды. Алғашқы сатыда «Спутник-Лайтпен» егуді ұйымдастырдық. «Спутник-V»-ге қарағанда тиімділігі төмен болуы мүмкін, бірақ бәрібір оң нәтиже береді. Неге «Спутник-Лайтпен»? Себебі ең алдымен ресейліктерді «Спутник-V»-мен қамтамасыз етуіміз керек.

Жұмысқа келген шетелдік азаматтар ресейліктерлерге ашылған вакциналау орталықтарында екпе салдыра алмайды. Бүкіл ел аумағында еңбек мигранттары үшін әзірге тек екі орталық ашылды. Қала маңындағы Сахарово елді мекеніндегі көші-қон орталығында және Мәскеудегі «Садовод» базарында. Жұмыс патенті мен медициналық сақтандыруды төлеген шетелдік жұмысшылар үшін вакцинация ақылы, оның құны 1300 рубль, бұл шамамен 18 доллар.

 БЛИЦ:

- Жағдайымыз мәз емес, жабайылар секілді күтіп тұрмыз. Тәртіп болуы үшін электронды кезек жасап, қоршау орнатса болар еді.

- Мұнда еш тәртіп жоқ. Келгенімізге көп болды, шамамен бес сағат өтті.

- Әрине ыңғайсыз, жолға үш сағат кетеді және тәртіпті бақылап отырған ешкім жоқ.

Екі орталықта вакцина салдырмас бұрын келушілердің денсаулығын тексеретін бес дәрігер және егетін 28 медбике бар.

Андрей Федорук, емхананың бас дәрігері:

- Бір өңірден өзге өңірге жиі қатынайтын еңбек мигранттарына вакцинаның екі компонентін егу мүмкін емес, сондықтан бір компонентті «Спутник-Лайтпен» вакциналау шешімі қабылданды. Сахарово мен «Садоводта» күніне екі мыңнан астам адамға екпе салу мүмкіндігі бар.

Егер қосымша вакциналау орталықтары ашылмаса, тек еңбек патенттері бар мигранттарды егуге төрт айдан астам уақыт кетеді. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров

Хабар 24 телеарнасы