424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде коронавирус індетінен бөлек өзге де дерттер ушығып тұр

  • 147
  • UPD: 23:51, 01.07.2021

Мысалы, Мексикада қатерлі ісік ауруына шалдыққан балаларға дәрі-дәрмек тапшы, ал Үндістанда қара зең сейілмей қойды.

Сингапур билігі бұдан былай коронавирусты әдеттегі тұмау ауруы сияқты қабылдайтынын мәлімдеді. Әлемнің бірнеше елінде қайта вакциналау науқаны басталды. Осылайша мамандар аймақта ұжымдық иммунитет қалыптастырмақ.

МЕКСИКА ҚАТЕРЛІ ІСІК АУРУЫНА ДӘРІ ТАПШЫ

Жаһан жұрты коронавирус індетімен арпалысып жатқанда, адам өміріне қауіпті саналатын өзге де аурулар назардан тыс қалмауы керек. Осындай ұранмен Мексика халқы қатерлі ісік ауруына қарсы дәрі-дәрмек тапшылығына наразылығын білдіріп ереуілге шықты. Шаһар көшелеріне жиналғандардың бүлдіршіндері осы кеселдің зардабын тартуда. Бүгінде мемелекеттік ауруханаларда науқастарға ем-шара көрсететін мүмкіндік жоқ. Салдарынан ондаған науқастың емі кейінге шегеріліп жатыр.

– Балаларымызға аяушылық танытындар! Осында бала үшін келдік. Ата-анасы ретінде баламның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ауруханаларда үнемі дәрі болу керек қой? Қайда барып көмек сұраймыз енді?

– Үкімет қажетті дәрілердің барлығы сатып алынғанын айтып, науқастарға таратпай отыр. Препараттар барлық ауруханаға жеткізіледі делінген. Іс жүзінде біз ем қабылдай алмай отырмыз.

Жалпы Мексикада қатерлі ісік ауруы бала өлімінің негізгі себептерінің бірі. Жылына шамамен ісік ауруынан 2 мың 300 ден астам бала көз жұмады. Өткен жылдары халық қажетті препаратты дәріханаларда қымбат бағамен сатып ала алатын. Кейін жергілікті билік сыбайлас жемқорлықпен күресу және бағаның шарықтауын тоқтату мақсатында дәрі-дәрмек саудасын орталықтандыра бастады. Салдарынан дәрі тапшылығы байқалды. Жергілікті билік жағдайдың оңалатынын айтып, халықты сабырға шақырады.

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика Президенті:

– Билік тарапынан қолдан келгеннің барлығы жасалып жатыр. Жақын арада дәрі-дәрмек тапшылығы шешіледі. Жағдай оңалып, баға тұрақталады.

ҮНДІСТАНДА ҚАРА ЗЕҢ ІНДЕТІ АСҚЫНЫП БАРАДЫ

Ал Үндістанда мукормикоз немесе қара зең ауруы дес бермей тұр. Коронавирустан айығып енді қара зеңмен күресіп жатқан науқастардың көбі Махараштра мен Гуджарат штаттарында тіркелген. Әсіресе Пуна қаласындағы ауруханаларда 800-ден астам адам осы кеселден емделіп жатыр. Жалпы Үндістан бойынша шамамен 41 мың адам мукормикозға шалдыққан. Жағдайдың қиындауына байланысты дәрігерлер алаңдаулы. Мамандар халыққа барынша қорғанып, ауруды дер кезінде емдеуге кеңес береді.

Винаяк Патиль, дәрігер:

– Мукормикоздан өлім көрсеткіші 70-80 процентті құрайды. Егер дер кезінде ем шарасын бастаса адамның дене мүшесін сақтап қалуға болады. Күні кеше ғана жас балаға операция жасалды. Абырой болғанда көзін сақтап қалдық. Дертке шалдыққан науқастарда бірінші кезекте көз бен мұрын зақымдалады. Сондықтан дәрігерлердің көмегіне уақытылы жүгіну керек.

КОРОНАВИРУСТЫ ТҰМАУМЕН ТЕҢЕСТІРМЕК

Сингапур билігі коронавирус індетін әдеттегі маусымдық тұмау ауруы сияқты қабылдау үшін жағдай жасау керек дейді. Осы елдің мамандары вирус пен оның штамдарынан енді қашып құтыла алмайтынын айтып керісінше оған барынша бейімделіп, тез арада ұжымдық иммунитетті қалыптастыруды көздеп отыр. Ол үшін үкіметте арнайы жоспар құрылды. Құжатқа сәйкес халық жаппай вакцина қабылдауы шарт. Жаздың соңына дейін тұрғындардың үштен екісі егілу керек. Осылайша ауруға шалдыққандар үйлерінде жатыр емделіп шығады дейді мамандар. Сонымен қатар, қайта вакцинация шарасын ұйымдастыруды алға тартады. Барлық науқастардың қозғалысын мобильді құрылғы арқылы қадағалап, жылдам тестілеуді қолға алмақ. Яғни птр тест тек, экспресс тесттің оң нәтижесінен кейін ғана жасалынады. Жол карта сәтті жүзеге асса Сингапур жұрты бұрынғы тыныс тіршілігіне оралады дейді билік өкілдері.

Ван Лихуа, жергілікті тұрғын:

– Вакцина барлығына қолжетімді екенін естігенде бірден екпе қабылдауға жазылдым. Әр адам вакцина салдыру керек деп есептеймін. Осылайша ол өзін ғана емес, қоғамды да қорғай алады.

РЕСЕЙДЕ ВАКЦИНАЛАУ НАУҚАНЫ ҚАЙТА БАСТАЛДЫ

Қайта вакциналау науқаны Ресейде де басталды. Бұл туралы осы елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Ақпарға қарағанда халықты қайта вакциналау елде ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша жарты жылда бір рет жүргізіледі. Азаматтар елде бекітілген кез-келген вакцинаны тегін ала алады. Егер алғашқы екпе салдырған кезде жағымсыз әсер болса, қайта вакциналау кезінде өзге екпені таңдауына рұқсат етілген.

Наталья Кузенкова, №68 емхананың Бас дәрігері:

 – «Сау Мәскеу» павильондарында қайта вакциналау үшін 8 пункт ашылды. Жақын арада тағы біреуін іске қосуды көздеп отырмыз. Иммунология ережелеріне сәйкес әрекет етеміз. Бұрын салған екпесін егеміз. Атап айтқанда Спутник Лайтпен. Бір компоненті жеткілікті. Екпе салғаннан кейін жарты жыл өтісімен қайта вакциналауға болады.

Хабар 24 телеарнасы