Әлемде бірқатар ел аптап ыстықтан әбігерге түсті

Канадада жаздың шіліңгір ыстығы шыдас бермей тұр. Соңғы аптада күн райы ерекше ысыды. Ауа температурасы рекордтық деңгейге жеткен. Кей жерлерде термометр көрсеткіші 49,6 градусқа дейін жетті. Бұл 1937 жылдан бері ең жоғарғы температура. Ақпарат көздері соңғы бес күнде аптап ыстықтан 486 тұрғын көз жұмғанын хабарлайды.

Мамандар адам өлімінің кенеттен артып кетуіне ауа температурасы себеп дейді. Жергілікті билік аймақта төтенше жағдай жариялап, мектептер мен университеттердің жұмысын уақытша тоқтатты. Күннің ысуынан кейбір өңірлерде орман өрттері де жиі тіркеле бастады. Тілсіз жау Литтон қаласының орманды алқабын тып-типыл етті. Шаһардың қауіпті жерлерінен мыңнан астам адам эвакуацияланды. Ауа райының қолайсыздығынан егістік алқаптары да зардап шегуде. Синоптиктер болса қауіпті температура аптаның соңына дейін сақталады деп болжап отыр.

Кристи Эби, Вашингтон Университетінің профессоры:

- Халық аптап ыстықтың қауіптілігіне мән бермейді. Күннің ысуынан елдің 62 процент тұрғыны зардап шекті. Адам өлімінің көрсеткіші күрт артып кетті. Ыстықтан көз жұмғандардың қатары жыл сайын көбейіп барады. Сондықтан адамдар барынша сақтануы керек.

АҚШ-тың солтүстік-батысында да өткен аптада басталған ыстықтан ондаған адам қайтыс болып, тұрғындардың жедел жәрдем қызметіне жүгінуі көбейді. Ресми дерекке қарағанда күннің қатты ысуынан Орегон штатында 63 адам қайтыс болса, Вашингтонда 13 тұрғын көз жұмған. Қос штаттың кей қалаларында соңғы күндері ауа температурасы 46 градусқа дейін жеткен. Билік мұндай ыстық 1940 жылдан бері болмағанын айтады. 

Стив Митчелл, жедел жәрдем қызметкері:

- Соңғы күндері аптап ыстықтан денсаулығы нашарлап ауруханаларға жеткізілген тұрғындар саны күрт артты. Вашингтон штатының барлық ауданында осындай ахуал қалыптасып отыр. Бұл аймақта өте сирек кездесетін жағдай.

Калифорния мен Орегон штатында тіркелген орман өртінен 120 шаршы шақырым жер күлге айналды. Қазір тілсіз жаумен 1300 өрт сөндіруші күресіп жатыр. Кей елді мекендерде тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылданды.

Еуропа мен Балтық теңіз жағалауындағы кейбір елдерде электр қуатының  құны шарықтады. Бұған аймақтағы аптап ыстық себеп. Мысалы, Литвада өткен айдың соңында электр қуаты 28 процентке қымбаттаған. Көрші Эстония мен Латвияда, Польша, Чехия, Венгрия, Германия мен Францияда да дәл осындай жағдай. Аймақтағы жылу электр орталықтарында ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемі еселеп артты. Бұл бағаның аспандауына әкеп соқты. Оған қоса халық ауа баптағыштарды да көп қолдана бастаған. Ал кей өңірлерде газ бағасы да шарықтады.

- Бүгін біз көрікті жерлердің бірі болып саналатын Акропольға бардық. Ыстығына әзер шыдадық. Сондықтан жиі жауын жауатын жерде тоқтадық.

- Өте ыстық, оның үстіне маска тағып жүру керек! Мына жағдайда қалай жұмыс істейтінімізді білмейміз.

- Жұмысым туристермен байланысты болғасын үйреніп кеттім. Шыдауға тура келеді.

Аномальді ауа температурасына Ирак халқы да шағымданады. Аймақта термометр бағанасы 48 градустан асқан. Жергілікті билік кеше тұрғындар үшін демалыс күнін жариялады. Табиғаттың тосын мінезінен мыңдаған адам жарық және сусыз қалған. Халық жергілікті үкіметті өз халқын электр қуатымен қамтамасыз ете алмауына наразылығын білдіріп жатыр.

Жергілікті тұрғын:

- Күн күйіп тұр. Оның үстіне жарықсыз қалдық. Шыдай алмағандықтан бассейнге келдік. Бірнеше сағаттан кейін үйімізге оралуға тура келеді.

Сондай-ақ...