Ташкентте коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталықтар қайта ашыла бастады

Емдеу орындары Универсал, Ёш-лик спорт кешендері мен Экспо орталығы көрмесі нысандарында жайғасқан.

Қазір жұмысшылар дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жерлерде қосымша реанимация бөлімдері де жайғасады деп жоспарланған.

Жалпы көрші ел астанасында қосымша екі мың науқасқа арналған төсек-орын әзірленбек.

Айта кету керек, бұл орталықтар өткен жылдың желтоқсанында жабылған еді. Ол кезде инфекция жұқтырған адамдардың саны азайып, емдеу мекемелерінің жүктемесі азайған болатын. Қазір Өзбекстанда эпидахуал ушығып барады. Тәулігіне коронавирус жұқтырған 500-ге жуық адам тіркеліп отыр. Ал инфекция салдарынан 2 адам көз жұмған.

Севара Убайдуллаева, коронавирусқа қарсы күрес штабының мүшесі:

– Бізде соңғы аптада тәулігіне вирус жұқтырғандардың саны 400-ден түспей отыр. Сондықтан алдын ала қамданған жөн деп есептедік. Ертең жағдай ушығып кететін болса, қарапайым стационарларда науқастарға орын жетпей қалуы мүмкін. Сәйкесінше емдеу мекемелерінің жүктемесі күрт артады. Осындай қиыншылық туындамауы үшін біз қосымша төсек-орындарды әзірлеп жатырмыз.