Үндістанда коронавирустан 400 мыңнан астам адам қайтыс болды

Үндістанда соңғы бір тәулікте 800-ден астам адам коронавирустан қайтыс болды.

Жалпы індет басталғалы елде ковид-19 дертінен 400 мыңнан аса тұрғын көз жұмған. Өлім-жітім саны бойынша Үндістан әлемде АҚШ пен Бразилиядан кейін үшінші орында тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 30 миллион 400 мыңнан аса адам коронавирусқа шалдыққан. Айта кету керек, соңғы апталарда күн сайын орта шамамен 40 мың науқас анықталады. Мамыр айында індет өршіген тұста бұл көрсеткіш 400 мыңға дейін жеткен еді. Алайда сарапшылар, елде эпидахуалдың бұдан да нашаралай түсуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Өйткені 1 миллиард 400 миллион адам тұратын Үндістанда халықтың тек 5 проценті ғана екпенің екі дозасын салдырған.

Рохит, студент:

Адамдардың да кінәсі бар. Тест ауырғанын көрсетсе де, соны жасырып, маска тақпай, емін-еркін жүреді.

РЕСЕЙДЕ ІНДЕТ ҚАЙТА ДЕНДЕП КЕТТІ

Соңғы тәулікте ел аумағында 23 жарым мыңнан аса науқас анықталды. Бұл 17-қаңтардан бергі ең жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты билік өкілдері санитарлық шектеулер күшейтілуі мүмкін деп ескертті. Елде вакциналау 18 қаңтардан бері өткізіліп жатыр. Ресей азаматтарына екпе салдыру тегін. Алайда халықтың көбі вакцина алуға асықпай отыр. Осыған байланысты Ресей үкіметі халықпен тығыз араласатын кейбір сала қызметкерлерін екпе салуға міндеттеген болатын.

Евгения, Мәскеу тұрғыны:

– Бұл елде тұрып жатқандықтан, заңдарын сақтауға тиіспіз деп санаймын. Алғашында вакциналауға қарсы болғанмын. Алайда кейін өмірім үшін жауапкершілігімді түсініп, өзіме екпе салдыратын болдым.

АВСТРАЛИЯДА 33 МЫҢ АДАМ ЕЛІНЕ ОРАЛУ КЕЗЕГІН КҮТІП ОТЫР

Соңғы екі аптада Австралияның ірі қалаларында коронавирустың Дельта штамы тарап кетті. Осыған байланысты көптеген елді мекендерде карантин жарияланып, өңірлер арасында көлік қатынасы шектелді. Сондай-ақ, премьер-министр Скотт Моррисон елге қайтуға рұқсат беретін квотаны екі есе қысқартып, аптасына 3 мың 185 адам қабылдайтын болды. Бұл шектеу жылдың аяғына дейін күшінде болады. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, пандемияның кесірінен 33 мың Австралия азаматы өзге елдерде қалып, отанына оралуға кезегін күтіп отыр.