Әлем елдерінде коронавирустың «Дельта» штамы өршіп тұр

Әлем елдерінде коронавирус жұқтырғандардың жаңа рекордтық көрсеткіші тіркеліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған індеттің «Дельта» штамы себеп. Жылдам тарап жатқан вирус түрі бүгінде 98 елде тіркелді. Аурудың қауіптілігіне байланысты Мәскеу билігі тұмауға шалдыққандардың барлығын ПТР тесттің нәтижесі шықпайынша оқшаулайды. Австралияда да дімкәс жандар қатары артты. Ал, Үндістанда екі айдың ішінде 400 мың адам қайтыс болған.

Жер жаһанды дүрліктірген коронавирустың қауіпті «Дельта» штамы әлемнің 100-ге жуық елінде табылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыған алаңдаулы. Ұйым басшысы мемлекеттердегі экономикалық ахуалды оңалту үшін, әрі пандемияны жеңу үшін вакцинация науқанын мықтап қолға алу керек дегенді алға тартады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

- Біз COVID-19 пандемиясының ең қауіпті кезеңінде тұрмыз. «Дельта» штамы өте тез тарап барады. Тіркелген жаңа науқастардың басым бөлігі вирустың осы түріне шалдыққандар. Екпе егу науқаны ойдағыдай іске аспаған елдердің ауруханаларында орын тапшылығы байқала бастады. Әр мемлекетте келер жылға дейін халықтың 70%-і егілу керек. Пандемияны жеңудің ең басты қадамы осы.

«Дельта» штамы өршіп тұрған Үндістанда соңғы екі айдың ішінде 200 мың адам коронавирустан қайтыс болды. Осылайша, ауру құрбандарының жалпы саны 400 мыңға жетті. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша соңғы бір күннің ішінде 853 адам көз жұмып, 46 мыңы инфекция жұқтырған. Жергілікті билік қыркүйек айында індеттің жаңа толқыны басталуы мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Рохит, студент:

- Осындай қиын жағдайға тап болуымызға тұрғындардың да кінәсі бар. Көбі тест нәтижесін жасырып, оқшауланғысы келмейді. Халық емін-еркін көше кезіп жүр. Маскасыз жүргендерді де кездестіруге болады.

Көрші Ресейде де жағдай мәз емес. Онда бір тәулікте 24 мыңнан астам адам инфекцияға шалдығып 697-сі көз жұмды. Антирекорд бірнеше күн қатарынан тіркелді. Науқастардың көбі Мәскеу мен Санкт-Петербургте анықталған. Енді Мәскеуде жаңа талап бойынша респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандардың барлығы ПТР тест нәтижесі шықпайынша оқшауланады. Елде екпе егу науқаны да қарқын алды. Аптап ыстыққа қарамастан халық жаппай вакцина қабылдау үшін ұзын-сонар кезекте тұр.

Наталья Кузенкова, дәрігер:

- Соңғы кездері екпе алғандардың қатары күрт артып кетті. Бір аптаның ішінде келушілердің саны 3 есеге артқан.

Вакцинаға сұраныс Австралияда да бар. Бұған қарамастан тіркелген науқастардың тәуліктік рекорды күнара жаңарып отыр. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты Сидней қаласында екі апта локдаун жарияланды. Кезекті карантиннің еңгізілуіне «Дельта» штамының етек жаюы себеп.

Сондай-ақ...