Грузия шетелдіктердің елге кіру тәртібін өзгертті

Грузия шетелдік туристердің ел аумағына кіру тәртібін өзгертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді шілденің бесінен бастап елге келетін әр жиһанкез қолында вакцина төлқұжатының бар-жоғына қарамастан, міндетті түрде теріс нәтижелі ПТР тест анықтамасын көрсетуі тиіс. Ол 72 сағат ішінде жасалған болу керек. Бұған дейін ковидке қарсы екпе алған азаматтар Грузия шекарасынан емін-еркін өте алатын. Ал ПТР тестін тек вакцина алмағандар ұсынатын.

Елге кіру ережелерінің қатаңдауына Кутаиси әуежайындағы жайт себеп болды. Шетелдік туристерді тексеру кезінде олардан күмәнді ПТР-тест анықтамалары мен жалған ковид-құжаттар табылған.