Канаданың батысында бір аптадан бері орман өртеніп жатыр

Канаданың батысында бірнеше күннен бері орман өртеніп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, 199 от ошағы тіркелген. Олардың 46-сы соңғы 2 айда тұтанған. Мамандардың айтуынша, өрт ошақтарының 60%-і өршіп барады. 30 маусымда басталған өрт салдарынан 2 адам қаза тапқан. Табиғи апатқа шілденің шіліңгір ыстығы себеп. Өткен аптада бұл аймақта термометр бағаны 50 градусқа жуықтаған. Ресми дерекке сәйкес, соңғы 11 күннің ішінде аптап ыстықтан 700-ден астам тұрғын көз жұмған. Алапат өрт Британиялық Колумбия штатындағы Литтон елді мекенін күлге айналдырды. Аймақ билігі апта аяғына дейін 100 мың гектар жасыл желек өртенуі мүмкін деп болжайды. 1300-ден астам үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Тергеу жүріп жатыр.