Чехиядағы дауыл саяси дау тудырды

Чехияда округ басшыларын сайлау науқаны мерзімінен бұрын басталды. Елде жақында болған дүлей дауыл жергілікті әкімдердің аттестаттаудан ерте өтуіне түрткі болды. Кей басшылар табиғат апатымен тиісті деңгейде күресе алмай қызметінен босатылды.

Биыл Чехияда округ басшыларын сайлау тамыз айының аяғына жоспарланған. Бірақ осыдан бірнеше апта бұрын соққан қатты дауыл аудан басшыларын саяси науқан алдында сынақтан өткізіп жатқандай. 18 округ басшысы табиғат апатынан зардап шеккен жерлерге арнайы техниканы дер кезінде жеткізе алмай, тұрғындарға  көмек көрсете алмады.

Кшиштов Балецкий, Оңтүстік Моравия өлкесі басшысының орынбасары:

- Біз мұндай табиғат апатын алғаш рет бастан кештік. Жалпы елде аудан әкімін сайлау 4 жылда бір рет өтеді. Бірақ атқамінер барлығына дайын болуы тиіс. Халықтың сенімін ақтамаса, қызметінен ерте босатылады. Менің білуімше, біздің өлкеде сайлау 6 округте мерзімінен ерте өтеді. Себебі олар дауылдан жапа шеккендерге тиісті көмек көрсете алмады.

Чехияда аудан басшыларын сайлау өткен ғасырдың соңында енгізілген. Тәртіп бойынша оларға үміткерлерді партиялар ұсынады. Бірақ соңғы уақытта тәуелсіз кандидаттардың қатысуы жиіледі. Қалған мәселеде аудан басшыларын сайлау президенттік додадан еш айырмашылығы жоқ. Сайлауда осы округте тұрып жатқан әрбір азамат дауыс бере алады.

Славута Герс, Оңтүстік Моравия өлкесі сайлау комиссиясының өкілі:

- Мұндай жүйе тұрғындар тарапынан қолдауға ие. Себебі олар округтегі түйткілді мәселелерді шеше алатын басшыны өздері таңдайды. Округ басшыларының мерзімі шектеусіз екенін айтып кету керек. Олар тек өздерінің міндеттерін мінсіз орындап, тұрғындардың сенімін ақтаса болғаны.

Аудан басшыларының жұмысын көрсетіп, мерейін үстем ететін немесе сынға ұшырап лауазымынан айыратын басты мәселелер - жолдарды жөндеу мен кәсіпорындардың банкротқа ұшырамауы. Егер староста халық сенімін ақтамаса өз еркімен қызметінен кетіп, оның міндеттері орынбасарына көшеді. Ол бірден сайлау жариялайды.

Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид