Италиялыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызы карантиндегі өмірі туралы айтты

Былтыр Еуропада коронавирус алдымен Италияды өршіді.

10 наурызда бүкіл ел аумағында жалпыұлттық карантин жарияланды. Үш айға созылған шектеу Апенинн түбегінің жаңа тарихында терең із қалдырды. Ковид-19 дертін 4 миллион 200 мыңнан аса адам жұқтырып, 127 мыңы көз жұмды. Бұл әлемдегі ең жоғары өлім-жітім көрсеткішінің бірі. Отандасамыз – жас опера әншісі Лаура Әли сол кездегі локдаунды Римде өткізді. Өнер иесі бір жыл бұрынғы жағдайды еске алды.

2015-жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітіргеннен кейін, Лаура Әли Римдегі «Санта-Чечилия» консерваториясына оқуға түсті. Ал 2020 жылдың 10 наурызында Италияның 60 миллион тұрғыны үйлерінде қамалып қалды.

Лаура Әли, «Кочча» опера театрының солисі:

– Таңғы сағат алтыда карантин, толық локдаун басталатынын жариялағанда, біз Фьюмичино әуежайында болдық. Сол күні оқу мен емтихандарды кейінге қалдырды, ұшақтар да қатынаған жоқ. Екі аптаға Қазақстанға баруым керек еді, жолымнан қалдым. Онлайн оқи бастадық, магистратурадағы соңғы жылым онлайн өтті. Компьютердегі камераға ән айту біртүрлі екен.

Сол кезде Италияда бүкіл мәдени шаралар – спектакль, концерт, көрме, опера мен балет онлайн өтетін болды. Әлеуметтік қарым-қатынастар шектеліп, аптасына тек бір рет дүкенге немесе дәріханаға баруға арнайы рұқсат берілді.

Лаура Әли, «Кочча» опера театрының солисі:

– Қазақстанда қарақұмық пен дәретхана қағазын сатып алса, мұнда кеспе мен ұн алатын. Дүкендерде ұн қалған жоқ. Дерекқорында кімнің қай кезде сыртқа шыққаны жазылып тұратын.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Италияның жалпы ішкі өнімі 8 процентке қысқарды. 700 мыңдай адам жұмысынан айырылып, қызмет көрсету саласында жүздеген мың компания жабылды. 

Клаудио Мальта, кәсіпкер:

Сол кезде бұл не вирус екенін, онымен қалай күресу керек, ертеңіміз не болатынын білген жоқпыз. Тек интернеттің арқасында күн көрдік. Абырой болып, ата-анам ауырған жоқ. Бірақ, алыс туыстарымыздың бірі ажал құшты, достарымыздың барлығы ауырып шықты. Бүкіл Италия бойынша жағдай ауыр болды.

Жас жұбайлар былтырғы көктемде көшеге шығу шектелсе де, қала тұрғындарының кешкі уақытта үйінің балконынан әнұран орындап, дәрігерлерге алғыс білдіргенін де еске алады. Клаудионың айтуынша, оған төрт ай бойы ата-анасымен көріспеген ауыр болған, ал Лаура жақындарын бір жарым жыл көрмеген. Дегенмен бұл қиын кезеңнің де қуанышты сәттері болды дейді ол.

Лаура Әли, «Кочча» опера театрының солисі:

– Ең қызығы, пандемия кезінде өмірімде оң өзгерістер болды. Сол жылы магистратурадағы оқуды үздік бағамен аяқтадым. 110 баллды түгел жинадым. Италияның оңтүстігіндегі Бельканто академиясын бітірдім және мені сопрано солисі ретінде «Кочча» театрына жұмысқа алды. Қиын кезеңде осындай жетістіктерге жеткеніме ризамын.

Қазір Италиядағы эпидахуал жақсы. Вакциналау науқаны қарқынды өтіп жатыр.

Лаура Әли, «Кочча» опера театрының солисі:

– Бес жылға жалғасқан махаббаттамызды бекітіп, неке қидық. Өзімді бақыттымын дей аламын, пандемия кезінде туыстарымнан алшақта болсам да, жанымда сүйікті адамым бар.

Клаудио Мальта, кәсіпкер:

– Әрине, сол жылды ешқашан ұмытпаймыз. Қаншалықты қиын болса да, бір-біріңді қадірлеп, бірге болыңдар. Ал қазір ең бастысы дендерің сау болып, болашаққа үмітпен қараңдар.

Осыдан бірнеше күн бұрын Италия жасыл аймаққа ауысты. Демек жас жұбайларға жақындарының басын қосып, той жасауына мүмкіндік туды.

Авторлары:Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов