Covid-19: Табыссыз қалған тұрғындар көбейді

Коронавирус әлемде өршіп барады. Бірқатар елде осы айда аяқталуы тиіс шектеулер қайтадан ұзартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үндістаннан тараған «Дельта» штамы да қауіпті еселей түсті. Шектеулер ұзарған сайын, табыссыз, аш қалған тұрғындар көбейіп барады. 

БАНГЛАДЕШ

Бангладеш локдаунды 14 шілдеге дейін ұзартты. Себебі Үндістанмен көрші тұрған елде «Дельта» штамы дес бермей барады. Соңғы 1 күнде 163 адам ажал құшқан.

Майнул Ислам, рикша жүргізушісі:

Жолаушы мүлде жоқ. Күн қатты ыстық болса да, рикшамды көшеде құр босқа теуіп жүрмін. Табыстан қағылдық. Өзім әбден қажыдым. Енді тегін тамақ алу үшін кезекте тұрмын.

АВСТРАЛИЯ

Австралиядағы халқы ең көп Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында 9 шілдеде аяқталуы тиіс болған локдаун тағы 1 аптаға ұзартылды. Соңғы 1 күнде 27 науқас тіркелген бұл аймақта Сидней шаһары орналасқан. Ең көп таралып отырғаны – «Дельта» штамы.

Пол Колеман, Сидней тұрғыны:

Үкімет адамдардың өмірін құртып жатыр, осы локдаунның түкке қажеті жоқ еді. Одан да сау адамдарға тиіспей, ауырғандарды ғана оқшаулау керек еді.

МАЛАЙЗИЯ

1 маусымнан бері жаппай қатаң карантинде отырған Малайзияда күнкөріс қиындады. Үкімет тарапынан айтарлықтай көмек жоқ. Сондықтан соңғы күндері мұқтаж тұрғындар балконға ақ жалау іліп, тамақ сұрайтын рәсім қалыптасты.

Хадиджа Нимат, 73 жастағы тұрғын:

Ақ жалау ілсем, бірнеше минуттан кейін күріш пен басқа тамақтарын алып, көршілерім жетіп келеді. Қазіргі жағдайымыз осы. Болашақтан не күтуге болатынын мүлде білмеймін. Тамақ өте қымбат.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Оңтүстік Корея мамандары ковид індетінің жаңа толқыны басталуы мүмкін деп қауіптенеді. Алдағы бірнеше күнде жағдай оңалмаса, бетперде кию режимі мен әлеуметтік қашықтық сақтау ережелері қайта күшейтіледі. Талаптардың орындалуын бақылау үшін тәртіп сақшылары, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер тартылады. Оңтүстік Корея тұрғындарының 10 проценті ғана коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін қабылдаған. Ал алғашқы дозасын 30 проценті ғана ектірген.

Ли Ки Ил, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің өкілі:

– Соңғы тәулікте тіркелген науқастардың саны 1200-ден асты. Оның 44-і сырттан келгендер. инфекция жұқтырған 990 адам Сеул шаһарының тұрғыны. Статистика күн өткен сайын артып барады. Сондықтан елде әлеуметтік ара қашықтықты сақтау ережесі тағы бір аптаға ұзартылады. Егер ахуал жақсармаса қатаң шаралар қолға алынады.

АҚШ

АҚШ президенті Джо Байден «Дельта» штамынан қауіп жоғары деп арнайы ескерту жасады. Ол індетті толық жеңу үшін америкалықтарды вакцинаның 2 дозасын тез арада салдыруға шақырды.