Тәжікстан ҰҚШҰ-дан көмек сұрады

Тәжікстан Ауғанстаннан төнген қауіп-қатердің алдын алып, оңтүстік шекараларын қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады.

Бұл туралы осы елдің ұйымдағы тұрақты өкілі Хасан Султонов хабарлады. Ресми Душанбенің мәлімдеуінше, ауған жеріндегі қазіргі ахуал ұйым шеңберінде шұғыл әрекет етуді талап етеді. Өйткені Ауғанстанмен шектесетін шекараның 910 шақырымдай жері қиын таулы аймақтардан өтеді. Душанбе Ауғанстанмен шекараны күшейту үшін резервтегі 20 мың азаматты әскерге шақырды. Сонымен қатар Султоновтың сөзіне қарағанда тәліптер тәжік-ауған шекарасының бойында мың шақырымға жуық аумақты бақылайды. Өз кезегінде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз одақтастарын қорғауға дайын екенін мәлімдеген еді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ауғанстанның солтүстік аудандарында үкімет әскері тәліптермен қақтығысқа түсіп, 1,5 мыңдай жауынгер Тәжікстан аумағына қашып өткен еді.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

- Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Елдегі ахуал күрт нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп бар. Бұған АҚШ пен НАТО әскерінің ауған жерінен кетуі әсер етіп отыр. Ондаған жылдар бойы соғысқан шетел әскерлері Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Біз Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы Ресей базасының әлеуетін пайдалана отырып, одақтастарға жасалатын кез келген агрессиялық әрекеттерге тойтарыс беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.

Айта кетейік, АҚШ пен НАТО ауған жерінен әскерін әкету туралы шешім қабылдаған соң «Талибан» қозғалысы үкімет қарамағындағы аймақтарға шаубылды күшейтіп, елдің едәуір бөлігін басып алды. Ресми дерекке қарағанда, тәліптер осы елдегі 400-ге жуық ауданының 160-тан астамын бақылауына алған.