Австралияда шекараның жабық болуы тұрғындардың наразылығын тудырып жатыр

Австралияда індет салдарынан шекараның бір жылдан астам жабық болуы тұрғындар мен кәсіпкерлердің наразылығын туғызып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, елге туристердің кіруіне және белгілі себептерсіз өзге мемлекеттерге саяхаттауға тыйым салынған. Үкімет өткен аптада елді пандемиядан шығару бойынша жоспар жариялады. Бірақ онда шекараны ашуға қатысты нақты мерзім белгіленбеген. Керісінше соңғы уақытта әр аймақта қайта-қайта карантин енгізіліп, жағдай нашарлай түскен. Бизнесмендер үкіметтен пандемиядан шығудың нақты жол картасын ұсынуды талап етіп отыр.

Роджер Пауэлл, Tourism and Hospitality Services Australasia компаниясының басқарушы директоры:

- Мен мұны пандемиядан шығу үшін жан-жақты ойластырылып жасалған жоспар деп ойламаймын. Онда нақтылық жоқ. Шаралардың жүзеге асырылатын мерзімі көрсетілмеген. Бізге қандай да нәтижеге қол жеткізу үшін нақты мақсаттар қойылып, неге ұмтылып жатқанымыз айқын болуы тиіс.